ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
19.03.2026, 19:00

Алматыдағы Ең Қасиетті Құдай Анасы Соборының құрметіне арналған храмға Қасиетті Афон тауында жазылған қасиетті Анна белгішесі тапсырылды

Алматыдағы Ең Қасиетті Құдай Анасы Соборының құрметіне арналған храмға Қасиетті Афон тауында жазылған қасиетті Анна белгішесі тапсырылды

19 қазан 2026 жыл. Алматы. Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен Қазақстан Митрополиттік округінің митрополит Иосиф (Чернов) атындағы рухани-мәдени орталығының камин залында Ең Қасиетті Құдай Анасы Соборының құрметіне арналған храмға афондық қасиетті жәдігерді тапсыру рәсімі өтті.

Православиелік қазақстандықтар үшін қасиетті сый – Қасиетті Афон тауында сақталған Құдай Анасы мен Бикеш Марияның анасы, қасиетті Аннаның көне керемет белгішксінің тізімі (көшірмесі) болды.

Бұл бейне «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының қамқорлығымен, оның президенті Валерий Михайлович Капсамунның бастамасымен жасалды. Афондағы Дионисиат монастыріндегі алғашқы шейіт архидиакон Стефан атындағы изографтары жазған қасиетті Анна белгішесі биылғы 8 наурызда Православие мерекесі күні түпнұсқа алдында қасиеттеліп, В.М. Капсамунның қажырлы еңбегімен Алматыға жеткізілді.

Жаңа қасиетті жәдігердің орны кездейсоқ таңдалмаған – Алматыдағы Ең Қасиетті Құдай Анасы Соборының құрметіне арналған храмның төменгі шіркеуі қасиетті Құдай әке Иоаким мен Аннаға арналған.

«Eleos-Meirim» қоры афондық иконаны ресми түрде митрополит Александрға табыстады, ал митрополит өз кезегінде қасиетті жәдігерді Митрополиттік округтің білім беру және катехизация бөлімінің жетекшісі, Покров шіркеуі мен Қасиетті Құдай Анасы Соборының құрметіне арналған храмның басшысы протоиерей Евгений Бобылевке тапсырды.

Қасиетті Анна бейнесін тапсыру рәсіміне қатысқандар: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; округтің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі, Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборының кілтшісі протоиерей Александр Суворов; Митрополиттік округ басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; митрополиттің протокол қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин; сондай-ақ храм дін қызметкерлері.

Қазақстан Православие шіркеуінің Басшысы қайырымдылық жасаушыларға, «Eleos-Meirim» қорының президенті мен қызметкерлеріне алғыс білдіріп, жиналғандарға Афон мен Қазақстан арасындағы рухани байланыс туралы айтып берді.

«Афон тауы бұрынғы буын қазақстандықтар үшін де, қазіргі Православие дінін ұстанатын еліміздің тұрғындары үшін де рухани маңызы зор қасиетті мекен болып табылады. Қазақстан Митрополиттік округінің көптеген храмдарында өткен және алдыңғы ғасырларда Афондағы Орыс Пантелеимон монастырінен әкелінген көне белгішелерді көруге болады. Бұлар – «Иверская», «Достойно есть», «Скоропослушница» Құдай Анасының бейнелері, сондай-ақ ұлы шейіт әрі емші Пантелеимонның белгішелері. Көп жағдайда мұндай белгішелердің артқы бетінде монастырьдың батасы жазылған жазбалар сақталған. Кейбір отбасыларда арғы аталарының жаяу түрде Қасиетті Афон тауына қажылық жасағаны туралы аңыздар сақталған. Бұл ерліктің естелігі ретінде отбасылық мұрағаттарда Афоннан әкелінген литографиялар, шағын дұға кітаптары немесе еске алу кітапшалары сақталып келеді.

Түркістан епархиясының алғашқы архипастыры архиепископ Софония (Сокольский) Қасиетті Афонды ерекше сүйген. Ол Константинопольдегі Ресей елшілігі жанындағы шіркеудің басшысы болып тұрған кезінде 1850 жылы Афонға қажылық сапар жасаған. Әке Софония барлық монастырьлар мен скиттерді ғана емес, сондай-ақ ең алыс кельялар мен афондық тақуалардың тұратын орындарын да аралаған. Тіпті ол өзіне қиын жететін афон ормандарынан келья мен үй шіркеуі үшін орын таңдаған. Кейін ол Афонға қайта оралып, өмірінің соңын сонда өткізгісі келетінін бірнеше рет айтқан. Оның Афоннан жинаған қасиетті жәдігерлерін Жетісу дін қызметкерлеріне кеңінен сыйлағаны белгілі.

Афон мен Қазақстан жері арасындағы ерекше рухани байланыс өткен ғасырдың басында қалыптасты. Верный қаласының (қазіргі Алматы) православиелік тұрғындарының өтініші бойынша Түркістан және Ташкент епископы Димитрий (қасиетті исповедник схиархиепископ Антоний (Абашидзе)) 1910 жылы Афондағы Орыс Пантелеимон монастырінің басшысц архимандрит Иакинфке (Кузнецов) хат жолдап, верныйлықтарды ұлы шейіт Пантелеимонның қасиетті жәдігерлерінің бөлшегімен жарылқауды сұраған. Көп ұзамай емші Пантелеимонның бас сүйегінің бөлігі, сондай-ақ әулие Григорий Богослов пен Константинополь Патриархы әулие Нифонттың жәдігерлері Одессадағы Афон өкілдігі арқылы Түркістан епархиясына жеткізілді. Қазіргі таңда бұл қасиетті жәдігерлер Никольский соборында сақтаулы», – деп атап өтті архипастырь.

Қасиетті сыйды қабылдай отырып, храм басшысы протоиерей Евгений Бобылев Қазақстан Православие шіркеуінің Басшысына және Валерий Михайлович Капсамунға шынайы алғысын білдірді.

Митрополит Александрдың батасымен қасиетті Аннаның жаңадан жазылған белгішесі алдында отбасылық амандық пен перзент сыйлау үшін дұғалар оқылатын болады.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді