ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
04.09.2026, 18:00

Қазақстан Митрополиттік округінің Басшысы Ресейдің Солтүстік астанасындағы храмдарда болды

Қазақстан Митрополиттік округінің Басшысы Ресейдің Солтүстік астанасындағы храмдарда болды

4 қыркүйек 2026 жыл. Санкт-Петербург, Ресей. Санкт-Петербург және Ладога митрополиті Варсонофийдің шақыруымен Нева бойындағы қаланың қасиетті орындарына қажылық жасап жүрген Астана және Қазақстан митрополиті Александр бірқатар храмдарда болды

Қазақстан Православие шіркеуінің Басшысы Солтүстік астананың ең көрікті храмдарының бірі — Далматтық әулие Исаакийдің құрметіне арналған соборда болды. Бұл — қаладағы ең биік (101,5 м) әрі ең сыйымды храм, онда бір мезгілде 14 мыңға дейін адам құлшылық ете алады. Собордың құрылысы 1825 жылы басталып, 40 жылға жуық уақытқа созылды. 1928 жылы ғибадатхана жабылып, 1957 жылы музей-ескерткіш ретінде ашылды. 1992 жылы соборды діндарлар мен музейдің бірлесіп пайдалану туралы шешім қабылданды.

Храмда үш құрбандық орны бар: Далматтық әулие Исаакийдің құрметіне орталық құрбандық орны; қасиетті ізгі сенімді ұлы князь Александр Невскийдің құрметіне сол жақтағы бүйір құрбандық орны; оң жақтағысы — ұлы азап шегуші Екатеринаның құрметіне арналған. Ерекше қастерленетін қасиетті жәдігерлердің бірі — Тихвин Құдай Анасының керемет иконасының көшірмесі.

Митрополит Александр Мәсіхтің Воскресения шіркеуінде дұға етті. Бұл храм «Қандағы Құтқарушы» («Спас-на-Крови») атауымен белгілі. Шіркеу 1888–1897 жылдары Император Александр II террорист-народоволецтің қолынан қаза тапқан жерде салынған. Екінші атауы да осы оқиғамен байланысты.

Храм 1907 жылғы 1 қыркүйекте митрополит Антонийдің (Вадковский) қатысуымен қасиетті етілді. 1930 жылы шіркеу жабылды. Әр жылдары ол шеберхана, қойма, көкөніс қоймасы ретінде пайдаланылды, ал блокада кезінде мәйітхана болды. 1970 жылдан бастап Мемлекеттік «Исаакий соборы» музейінің филиалы мәртебесіне ие. 2014 жылы храм православие қауымы тіркеліп, тұрақты түрде құлшылық ету рәсімдері қайта басталды.

Санкт-Петербург митрополиясының басты храмы — Қазан кафедралды соборында Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Нева бойындағы қалада 1710 жылдан бері қастерленіп келе жатқан Құдай Анасының Қазан керемет иконасына тағзым етті.

Бұл икона — 1579 жылы Қазан қаласынан табылған керемет иконаның көшірмесі. Иконаны патша І Иоанн Алексеевичтің жесірі Прасковья Феодоровнаға (1664–1723) тапсырыспен салынған және І Петрдің бұйрығымен Санкт-Петербургке әкелінген деген болжам бар. Собор 1801–1811 жылдары сәулетші Андрей Воронихиннің жобасы бойынша орыс классицизмі стилінде салынды. 1812 жылғы Отан соғысынан кейін собор Ресейдің әскери даңқының ескерткіші ретінде ерекше мәнге ие болды. 1813 жылы мұнда атақты қолбасшы Михаил Илларионович Кутузов жерленді.

Митрополит Александр дұға еткен тағы бір храм — Николо-Богоявленск теңіз соборы. Мұнда XVII ғасырда грек шеберлері жасаған Мира Ликия архиепископы, қасиетті Николайдың керемет иконасы, сондай-ақ Құдай Анасының Тихвин, Қазан, Владимир, Үшқолды (Троеручица) және басқа да қастерлі иконалары орналасқан.

Собор 1753–1760 жылдары сәулетші С. И. Чевакинскийдің жетекшілігімен салынды. Храм «теңіз соборы» деп аталады, өйткені тарихи тұрғыдан Ресей флотының қызметкерлері үшін салынған және теңізшілер тұратын ауданда орналасқан.

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Смольный Воскресенский соборында да болды. Собор 2016 жылғы 25 қаңтарда Орыс Православие Шіркеуіне қайтарылды.

Собордың құрылысын 1748 жылы императрица Елизавета Петровна тұсында Франческо Бартоломео Растрелли бастады. Ал храмды император І Николай тұсында 1835 жылы В. П. Стасов аяқтады.

Қасиетті ету рәсімінен кейін собор барлық оқу орындарының басты храмы мәртебесін алды. Храмның құрбандық орны қабырғасында осы оқу орындарының атаулары алтын әріптермен жазылып, «Отанның болашағы үшін дұға ешқашан тоқтамауы үшін» деген мақсат көзделді. 1932 жылы собор жабылды. 1990 жылы мұнда концерттік-көрме кешені ашылды. Собордағы тұрақты құлшылық ету рәсімдері 2010 жылы қайта жанданды.

Солтүстік астанаға сапары барысында митрополит Александр Христиан мәдениеті музейінің экспозицияларымен танысты.

Музейде христиандықтың алғашқы ғасырларынан бастап жасалған әлемдік мәдениет ескерткіштері жинақталған. Коллекцияда жаңа дәуірдегі орыс иконалары, Батыс Еуропа және Ресей суретшілерінің картиналары, зергерлік бұйымдар, зияратшылардың жәдігерлері бар. «Солтүстік жазу» дәстүріне жататын иконаларға ерекше назар аударылған. Экспозицияда ұсынылған көптеген туындылардың тек тарихи және көркемдік құндылығы ғана емес, сонымен бірге қасиетті жәдігерлік мәні де бар.

Музейді құру бастамасын Санкт-Петербург губернаторы А. Д. Беглов пен Константино-Еленинский монастырының ктиторы К. В. Голощапов көтерді.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді