ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
10.04.2026, 21:00

Митрополит Александр қасиетті Жабынды алып шығу рәсімімен кешкі ғибадатты және Құтқарушыны жерлеу рәсімімен бірге таңғы ғибадатты Алматының басты храмында өткізді

Митрополит Александр қасиетті Жабынды алып шығу рәсімімен кешкі ғибадатты және Құтқарушыны жерлеу рәсімімен бірге таңғы ғибадатты Алматының басты храмында өткізді

10 сәуір 2026 жыл -  Ұлы және Азапты Жұма – Иеміз Иса Мәсіхтің қасиетті құтқарушы азаптары мен өлімін еске алу күні.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр Алматы қаласындағы Вознесенкий  кафедралды соборында Қасиетті Жабынды алып шығу рәсімімен ұлы кешкі ғибадатты және Құтқарушыны жерлеу рәсімімен таңғы ғибадатты өткізді.

Дәстүр бойынша Құтқарушының азаптарын, Мәсіхтің денесінің айқыштан түсірілуін және жерленуін еске алуға арналған Ұлы кешкі ғибадат әдеттегіден ертерек – Иеміз Иса Мәсіхтің айқыштағы өлім сағатында өткізіледі.

Інжілмен кіруден кейін Мысырдан шығу кітабынан, Иова кітабынан және Иса пайғамбар кітабынан үш паремия оқылады. Оларда дүниенің Құтқарушысының азаптары пайғамбарлық түрде бейнеленеді. Құлшылыққа қатысушыларға елші Павелдің Қорынттықтарға жолдауынан Құтқарушының айқыштағы азаптарында ашылған Құдайдың құдіреті мен даналығы туралы үзінді (1 Кор. 1:18–2:2), сондай-ақ Иеміздің жердегі өмірінің соңғы сағаттары мен айқыштағы өлімі туралы құрастырылған Інжіл оқуы ұсынылды (Мф. 27:1–43; Лк. 23:39–43; Мф. 27:45–54; Ин. 19:31–37; Мф. 27:55–61).

Кешкі ғибадаттың соңында «Игілікті Иосиф…» тропары орындалған кезде, жағылған шамдарды алып жүрумен және хош иісті түтінмен аластау барысында, митрополит пен дін қызметкерлері Тақтан, Голгофадан секілді, алтарьдан Мәсіхтің қабірге қойылуын бейнелейтін Қасиетті Жабынды алып шықты. Құтқарушының жерленуі бейнеленген кестеленген жамылғы храмның ортасындағы гүлдермен безендірілген қабірше үстіне қойылды; екі жағына жанып тұрған көмір мен хош иісті түтіні бар кацеялар орнатылды.

Жабын шығарылғаннан кейін «Иеміздің Айқышқа шегеленуі және Қасиетті Құдай Анасының зары» каноны оқылды. X ғасырда қасиетті Симеон Метафраст құрастырған бұл тебірентерлік шығармада Қасиетті Құдай Анасының айқышта азап шегіп, жан тапсырып жатқан Ұлына айтқан сөздері берілген.

Канон оқылғаннан кейін бірден құлшылық Иеміз Иса Мәсіхті жерлеу рәсімімен таңғы ғибадатқа ұласты. Ұлы Сенбі таңының құлшылығы Мәсіхтің тозаққа түсуіне және Құтқарушының өлімді жеңуіне арналған.

«Құдай – Иеміз» тропарлары орындалғаннан кейін митрополит Александр мен бірге қызмет еткен дін қызметкерлері Құтқарушының Плащаницасы алдында «Непорочны» – 17-кафизманың өлеңдерін, Иемізге арналған қысқа мадақ сөздермен алмастыра отырып оқыды.

Ұлы мадақтау аяқталған соң «Қасиетті Құдай» әні айтылып, жерлеу қоңырауының үнімен Плащаница крест жүрісімен алып өтілді. Бұл Иеміз Иса Мәсіхтің тозаққа түсуін және Оның өлімді жеңгенін еске салды.

Крест жүрісі аяқталғаннан кейін Плащаница алдында өлгендердің қайта тірілуін көрген Иезекиил пайғамбар кітабынан үзінді (Езк. 37:1–14) және Құтқарушының өлімінің жемістері туралы елші Павелдің Қорынттықтарға жолдауынан үзінді оқылды. Одан кейін архипастырь бас діни қызметкерлердің Иеміздің қабірін мөрлеп, оған күзет қойғаны туралы Інжіл үзіндісін оқыды (Мф. 27:62–66).

«Келіңдер, мәңгі есте қалатын Иосифті мадақтайық» стихирасы орындалған кезде архипастырь мен дін қызметкерлері алтарьдан Иеміздің өмір сыйлайтын Қабірінің бір бөлігін алып шығып, қасиетті жәдігер сақталған кемені Жабынның жанындағы аналойға қойды.

Қасиетті Жабын Пасхалық таңғы ғибадатқа дейін храмның ортасында болады. Бұл Иеміз Иса Мәсіхтің қабірде үш күн болғанын еске салады.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді