ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
12.04.2026, 03:00

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Алматыдағы Вознесенский соборында Қасиетті сенбі құлшылығын басқарды

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Алматыдағы Вознесенский соборында Қасиетті сенбі құлшылығын басқарды

11 сәуір 2026 жыл -  Қасиетті Аптаның Ұлы әрі Қасиетті сенбісі. Православие Шіркеуі бұл күні Иеміз Иса Мәсіхтің жерленуін, Оның ең таза тәнінің қабірде болуын, жанының тозаққа түсуін, Құтқарушының өлімді жеңуін және Оның келуін сеніммен күткен әділ жандардың құтқарылуын еске алады.

Астана және Қазақстан Митрополиті Александр Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборында Ұлы кешкі ғибадатты Ұлы Василийдің Құдайлық Литургиясымен бірге өткізді.

Қазақстан Митрополиттік округінің Басшысына қызмет еткендер: архимандрит Иосиф (Еременко), Патриархтық дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшесі игумен Филипп (Моисеев), Митрополиттік округ Басшысының жеке хатшысы иеромонах Димитрий (Байдек), иеромонах Роман (Чистяков), митрополит хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий), протоиерей Алексий Федоренко, Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров және собор дін қызметкерлері. Диакондық қызметті протодиакон Николай Гринкевич басқарды.

Қасиетті сенбі құлшылығы өзінің богословиялық мазмұны жағынан да, құрылымы жағынан да айрықша. Ол Ұлы кешкі ғибадатпен басталып, кейін Ұлы Василийдің Литургиясына ұласады. Мәсіхтің Қайта тірілуі туралы Ескі Өсиет пайғамбарлықтары оқылады. Үшқасиетті әннің орнына апостол Павелдің Ғалаттықтарға жолдауынан алынған мына сөздер айтылады: «Мәсіхке шомылдыру рәсімінен өткендердің бәрі Мәсіхке енді.» (Гал. 3:27), өйткені ежелгі Шіркеуде дәл осы күні шоқынуға даярланушыларға Шомылдыру құпиясы жасалатын. Сондай-ақ Шомылдыру рәсімінің мағынасы мен құпиялы күшін ашатын Апостол оқылады (Рим. 6:3–11). Апостол оқылғаннан кейін Құтқарушының жерленуіне арналған сенбі күні аяқталады.

Інжіл оқылар алдында салтанатты түрде: «Тұр, Уа, Құдай, жерге төрелік ет» деген әнұран шырқалады. Осы ән орындалған кезде дін қызметкерлері қара түсті ұлы пост киімдерін ақ түсті мерекелік киімдерге ауыстырады. Ғибадатхананың көркі де Пасхалық сәнге бөленеді. Бұл киім ауыстыру ежелгі заманда Ұлы сенбі паримиялары оқылғаннан кейін ақ киім киген жаңа шомылдырылғандардың ғибадатханаға кіргенін еске салады, сондай-ақ Мәсіхтің Қайта тірілуі туралы хабарлаған періштелерді бейнелейді.

Содан кейін Құтқарушының Қайта тірілуі туралы баяндайтын Інжіл оқылады (Мф. 28:1–20).

Херувим әнінің орнына біз жылына бір-ақ рет еститін мына мәтін айтылады: «Барша адамзат баласының тәні үнсіз болсын, қорқыныш пен дірілмен тұрсын, жердегі ешнәрсе туралы ойламасын; өйткені патшалардың Патшасы әрі мырзалардың Иесі сенушілер үшін құрбан болуға және азық болуға келеді. Оның алдында барлық Бастамалар мен Биліктермен бірге періштелердің жүздері, көп көзді Херувимдер мен алты қанатты Серафимдер келеді; олар жүздерін жауып, былай деп ән шырқайды: Аллилуйя, Аллилуйя, Аллилуйя».

Ұлы сенбі күні Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің батасымен Орыс Православие Шіркеуінің барлық ғибадатханаларында Қасиетті Иерусалим қаласы мен бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін дұға оқылады. Терең ектения аяқталғаннан кейін ғибадатхананың ортасында қасиетті Жабынның алдында митрополит Александр мен дін қызметкерлері Иерусалим қаласы  — біздің құтқарылуымыздың ұлы оқиғалары жүзеге асқан, әрбір сенуші жүрекке қымбат мекеннің соғыстардан, жанжалдардан және өзара қақтығыстардан арылуы үшін, сондай-ақ бүкіл әлемдегі жеккөрушілік пен араздықтың тоқтауы және адамдардың жүрегінде сүйіспеншіліктің артуы үшін дұға етті.

Литургия аяқталғаннан кейін митрополит Александр ғибадат тәртібіне сәйкес нан мен шарапқа бата берді. Бұл бата жыл сайын ежелгі христиандардың Литургиядан кейін Пасхалық таңға дейін ғибадатханада қалып, қасиеттелген нан мен шараптан дәм татып, осы қасиетті әрі құтқарушы түнгі сергектік ерлігіне күш алғанын еске алу үшін жасалады.

Қасиетті сенбіде құлшылық аяқталған соң православие христиандары қасиеттеу үшін ғибадатханаларға куличтер, пасхалар және боялған жұмыртқалар әкеледі. Вознесенский соборында Пасхалық тағамдарға бата беру рәсімін митрополит жүргізді.

Биылғы жылғы Ұлы Василий Литургиясының соңғысы архипастырлық уағызбен аяқталды.

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы игумен Филиппті (Моисеев) диакондық тағайындалуының мерейтойымен құттықтап, оған қасиетті просфора табыс етті және Қасиетті Шіркеуге одан әрі қызмет ету жолында жан мен тән саулығын және Құдайдың мейірімін тіледі.

Ұлы сенбі күні митрополит Алматының бірнеше приходын аралады. Митрополиттік округтің Басшысы ғибадатханалар мен олардың айналасындағы аумақтардың мерекеге дайындығын тексеріп, дін қызметкерлерімен әңгімелесті.

Пасхалық құлшылықты — түнгі ғибадатты, крест шеруін, таңғы құлшылықты және Құдайлық Литургияны — митрополит Александр Алматының басты ғибадатханасы — Вознесенский кафедралды соборында өткізеді. Басталуы сағат 23:30.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді