2 маусым 2026 жыл. Астана. Қазақстан Митрополиттік округі Басшысының жұмыс резиденциясында Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Қазақстандағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Николаевич Бородавкинмен кездесуі өтті.
Кездесуге қатысқандар: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстан мен Ресей Федерациясының еңбек сіңірген қайраткері, Орыс шіркеулік ән өнерін дамыту жөніндегі Патриарх кеңесінің мүшесі О.Н. Овчинников және елорда приходтарының благочинныйы архимандрит Сергий (Карамышев).
Амандасу рәсімінен кейін митрополит Александр Алексей Николаевичке Митрополиттік округтің өмірі туралы айтып берді. Әсіресе Алматы қаласында өткен халықаралық деңгейдегі іс-шараларға – «Пасхальная песнь» православиелік хор музыкасы фестивалі мен «Шығыс пен Батыстағы дін философиясы» атты IV ғылыми конференцияға ерекше тоқталды.
Ресей елшісі Олег Николаевич Овчинниковты Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың Жарлығымен мәдениет саласындағы айрықша жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен құттықтады.
Архипастырь дипломатпен биылғы жылдың тамыз айында атап өтілетін маңызды мерейтойларға дайындық жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, Алматының қасиетті азап шеккендер Серафим мен Феогносттың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл толуы және Қазақстанның көктегі қамқоршыларының монахтық ерліктері мен азапты қазасы орын алған Ақсай шатқалындағы Серафим-Феогност ерлер монастырінің құрылғанына 30 жыл толуы атап өтіледі.
Митрополит қонаққа Қазақстан үшін маңызды рухани оқиға туралы да хабарлады. Атап айтқанда, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің батасымен және «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының қолдауымен биылғы қыркүйек айында Митрополиттік округке Тримифунттық әулие Спиридонның оң қолының қасиетті жәдігері әкелінетін болады.
Өз кезегінде Алексей Николаевич митрополит Александрға Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің 27–29 мамыр күндері Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары туралы айтып берді. Елші бұл оқиғаның саяси әрі тарихи маңызын атап өтіп, сапар барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайтудың қазіргі жай-күйі мен келешегін талқылағанын жеткізді.
Кездесу барысында Митрополиттік округтің Басшысы мен дипломатиялық миссияның жетекшісі өзара қызығушылық тудыратын көптеген мәселелерді талқылады.
Кездесу достық әрі жылы жағдайда өтті.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр