14 сәуір 2026 жыл. Алматы. Оңтүстік астанадағы Иверско-Серафимовский әйелдер монастырінің София соборында өткен Пасхалық Құдайлық Литургиядан кейін Алматы және Қазақстан митрополиті Иосифке (Чернов) арналған музей-үйінің ашылу салтанаты өтті.
Мемориалдық музей-үйдің ашылу рәсімін Астана және Қазақстан митрополиті Александр басқарды.
Іс-шара қасиетті қарияның Иемізге қайтқанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Музей өткен ғасырдың 50–80-жылдары Алматы епархиялық басқармасы орналасқан қалпына келтірілген ғимаратта ашылды. 1960–1975 жылдары осы үйде Алматы және Қазақстан епархиясын басқарған көрнекті иерарх, сенім мойындаушысы әрі тақуалық жолындағы жанкешті митрополит Иосиф (Чернов) еңбек етті. Астана және Қазақстан Митрополиттік округінің басшысы Александрдың батасымен бұл үйде музей құрылды.
Ашылу рәсіміне қатысқандар: Астана епархиясының викарийлері – Қазақстан Митрополиттік округі істері басшысы Қаскелең епископы Геннадий мен Талдықорған епископы Клавдиан, Оңтүстік астанадағы храмдардың құрметті өкілі, Никольский соборының басшысы протоиерей Валерий Захаров, Алматы храмдарының басшылары, дін қызметкерлері мен жамағаты, Алматыдағы Иверско-Серафимовский әйелдер монастырінің игумениясы Любовь (Якушкина) бастаған монахинялар, Алматы епархиялық басқармасының қызметкерлері, Алматы рухани семинариясының оқытушылары мен студенттері.
Іс-шараны аша отырып, Митрополиттік округ басшысы атап айтқанда былай деді: бүгін, Нұрлы аптадағы сейсенбі күні, жердегі және Көктегі Шіркеу қайта тірілген Христосты мадақтап жатқан сәтте, Алматыда митрополит Иосифтің (Чернов) музей-үйі ашылуда. Қайырымды жандардың қолдауымен тарихи ғимарат қалпына келтірілді. Бұл үй он бес жыл бойы митрополит Иосифтің жұмыс орны болды. Оның өміріне деген қызығушылық – ұлттық тарихымыз бен Шіркеу тарихына деген құрметтің белгісі. Музейдегі жәдігерлер келушілерге митрополит Иосифті қоршаған мейірімділік пен адамсүйгіштік рухын сезінуге, оның қарапайымдылығы мен Құдайға деген сүйіспеншілігін көруге мүмкіндік береді.
Одан кейін Қазақстан Православие Шіркеуінің басшысы музей кіреберісіндегі естелік тақтаны қасиетті сумен себеледі.
Содан соң жиналғандарға экскурсияны Митрополиттік округ басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров жүргізді. Ол музей экспозициясын ұйымдастырушылардың бірі болды.
Экспонаттардың қатарында митрополит Иосифтің құлшылық киімдері мен жеке заттары, шіркеу бұйымдары мен көне кітаптар, күнделік жазбалары, өз қолымен жазған акафистері, сирек фотосуреттер мен құжаттар бар.
Мемориалдық музей-үйінің интерьері митрополит ерекше қастерлеген иконалармен безендірілген. Олардың қатарында Құдай Анасының Белыничский бейнесі, қасиетті Николай Чудотворецтің иконасы, Верхотурскийдің әділ Симеон бейнесі және митрополиттің жеке Құдай Анасының Иверский иконасы бар.
Ұйымдастырушылардың еңбегімен митрополит Иосифтің жұмыс кабинеті қалпына келтірілді. Бұл бөлме оның дұға етуге арналған кельясы да болған.
Митрополиттік округ Басшысы музейдегі жәдігерлер келушілерге митрополит Иосифтің қарапайымдылығы мен адамсүйгіштігін сезінуге, оның Христос Шіркеуіне деген ыстық сүйіспеншілігін көруге көмектесетінін атап өтті.
Митрополит Александр музейдің құрметті қонақтар кітабына алғашқы жазбасын қалдырды. Одан кейін ашылу рәсіміне қатысушылардың барлығы өз тілектері мен пікірлерін жазды.
Іс-шара соңында естелік суретке түсу рәсімі өтті.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр