24 мамыр 2026 жыл. Талдықорған. Иоанно-Богословский храмындағы Құдайлық Литургия аяқталғаннан кейін, шіркеу жанындағы рухани-мәдени орталықта Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Жетісу облысы әкімінің орынбасары Д.Р. Есдәулетовпен кездесуі өтті.
Кездесуге қатысқандар: Православие Шіркеуі тарапынан - Астана епархиясының викарийі, Талдықорған епископы Клавдиан; «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамун; Митрополиттік округ басшысының хатшысы иеромонах Димитрий (Байдек); митрополит хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий); Митрополиттік округ басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі, иерей Георгий Сидоров; Алматы қаласындағы қасиетті азапкерлер әрі ақысыз емшілер Косма мен Дамиан құрметіне арналған храмның басшысы иерей Андрей Шкляр; зайырлы билік тарапынан – Жетісу облысы дін істері басқармасының басшысы С.А. Жанабай.
Ізгі тілектер алмасқаннан кейін облыс әкімінің орынбасары митрополит Александрға сапары үшін алғыс айтып, Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысына өңірдің рухани өміріне көрсетіп отырған қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.
Диас Рахметұлы Митрополиттік округ Басшысына өңірдің тыныс-тіршілігі мен 2022 жылғы 8 маусымда Мемлекет басшысы Қ.-Ж.К. Тоқаевтың Жарлығымен құрылған республиканың ең жас облыстарының бірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады. Қазақстанның және оның жекелеген өңірлерінің саяси әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ қазақстандық қоғам өмірінің түрлі салаларын жетілдіру жөніндегі міндеттердің табысты жүзеге асырылуы елдегі бейбітшілік, тату көршілік, конфессияаралық және этносаралық келісімді сақтауға тікелей байланысты екені атап өтілді.
Кездесудің жеке тақырыбы ретінде Жетісу облысы әкімдігі мен Талдықорған викариаттығы арасындағы өңірдегі рухани-адамгершілік ахуалды жақсарту және тарихи-мәдени мұраны сақтау салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Ізгі ниет жағдайында өткен әңгіме соңында митрополит Александр мен Д.Р. Есдәулетов бір-біріне денсаулық пен еңбектеріне табыс тіледі.
Жетісу облысы әкімінің орынбасарымен кездесуден кейін Митрополиттік округ Басшысы Қасиетті Құдай Анасының Рождествосы құрметіне салынып жатқан кафедралды соборды аралап көріп, «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамунмен және құрылысқа жауапты мамандармен бірлескен жұмыс кеңесін өткізді.
Епископ Клавдиан архипастырға және В.М. Капсамунға Талдықорған викариатындағы болашақ басты храм мен оның сәулеттік кешеніне кіретін рухани-мәдени орталықтың құрылысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта шатыр жабыны мен шағын күмбездерді орнату жұмыстары аяқталған. Астана епархиясы викарийінің айтуынша, жаз мезгілінде негізгі күмбезді орнату, собордың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ аумақты абаттандыру жоспарланып отыр.
Өз кезегінде Жоғары мәртебелі митрополит құрылыс жұмыстары бойынша бірқатар ұсыныстарын айтып, храм кешенінің салынуына атсалысып жатқан барлық азаматтарға алғысын білдірді және Қасиетті Шіркеудің игілігі жолындағы еңбектеріне Құдайдың көмегін тіледі.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр