6 маусым 2026 жыл. Петропавл. Радонеждік қасиетті Сергий атындағы православиелік гимназияда оқу орнының құрылғанына 30 жыл толуына арналған мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиынды Петропавл және Булаев архиепископы Владимир басқарды.
Іс-шараға қатысқандар: епархиялық басқарманың хатшысы протоиерей Сергий Первушин, Мефодий храмының басшысы иерей Михаил Березин, Бүкіл Әулиелер храмының кілтшісі иерей Антоний Шувакин, епархияның түрме қызметі бөлімінің жетекшісі иеромонах Серафим (Максимов), Архангельское ауылындағы Архангел Михаил храмының басшысы иерей Роман Пудов, Вознесенский кафедралды соборының экономы диакон Владимир Бартоль, гимназия әкімшілігі, оқытушылар, оқушылар мен түлектер және ата-аналар.
Жиналған қауымға архиепископ Владимир құттықтау сөз сөйледі. Архипастырь педагогикалық ұжым мен гимназия тәрбиеленушілерін мерейтоймен құттықтап, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру мен жастарды Шіркеу мен Отанға жауапты қызмет етуге даярлаудағы гимназияның маңызды үлесін атап өтті.
Мектеп бағдарламасын үздік меңгергені және үлгілі тәртібі үшін архипастырь озат оқушыларды архиерейлік грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен Қазақстан Митрополиттік округінің марапаттарын педагогтерге, гимназия қызметкерлеріне және оқушылардың ата-аналарына табыстау рәсімі өтті. Ағарту саласындағы еңбектері үшін гимназияның атқарушы директоры С.П. Иванова «Еңбегі үшін» орденімен, ал оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары И.Ю. Самойлова Түркістан және Ташкент архиепископы, Жетісу өңірінің ағартушысы әулие Софоний (Сокольский) орденімен марапатталды.
Мерекелік бағдарламаны мектеп оқушылары мен қала шығармашылық ұжымдары дайындаған концерт жалғастырды. Қонақтар алдында өнер көрсеткендер: Петропавл және Булаев епархиясының архиерейлік хоры, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солистері Динара және Асхат Таушевтар, сондай-ақ спорттық билерден Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері Руслан Нұрмұхаметов пен Эмилия Колесникова.
Іс-шара соңында қатысушылар естелікке ортақ суретке түсті.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр