ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
28.08.2026, 16:00

Қазақстанның басты храмының престолдық мерекесі – Қасиетті Құдай Анасының Успение мейрамы. Елордадағы салтанатты мерекелік шараларды Астана және Қазақстан митрополиті Александр басқарды

Қазақстанның басты храмының престолдық мерекесі – Қасиетті Құдай Анасының Успение мейрамы. Елордадағы салтанатты мерекелік шараларды Астана және Қазақстан митрополиті Александр басқарды

2026 жылғы 28 тамыз – Аса Қасиетті Билеуші Құдай Анасы мен Мәңгі Бикеш Мәриямның Успение мерекесіне арналған он екі ұлық мерекенің бірі.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр Қазақстанның басты храмы – престолдық мерекесін атап өтіп жатқан Астанадағы Успение кафедралды соборында Құдайлық Литургияны басқарды.

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысына қызмет етті: Қарағанды және Шахтинск архиепископы Севастиан; Өскемен және Семей архиепископы Амфилохий; Көкшетау және Ақмола архиепископы Варсонофий; Орал және Атырау епископы Вианор; Астана шіркеу округінің құметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев); Алматы қаласындағы Құдай Анасының «Барлық қайғырушылардың Қуанышы» иконасы құрметіне арналған храмның басқарушысы протоиерей Евгений Воробьев; Митрополиттік округ Басшысының жеке хатшысы иеромонах Димитрий (Байдек); Астана қаласындағы Саровтық әулие Серафим ғибадатханасының клиригі иеромонах Силуан (Синегубов); Қазақстан православ дәрігерлері қоғамының төрағасы протоиерей Анатолий Измеров; Успение кафедралды соборының кілтшісі протоиерей Евгений Корольков; Митрополиттік округтің қайырымдылық және әлеуметтік қызмет жөніндегі комиссиясының жетекшісі протоиерей Вячеслав Пугачев; Астанадағы Қасиетті Константин мен Елена кафедралды соборының кілтшісі протоиерей Сергий Калиев; митрополит хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий); Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; собор дін қызметкерлері мен Алматы епархиясының клириктері, сондай-ақ қонақ болып келген архипастырьлармен бірге келген дін қызметкерлері. Диакондар қатарын протодиакон Николай Гринкевич басқарды.

Құлшылық басталар алдында Қазақстанның басты храмына сенушілердің дұға етіп тағзым етуі және рухани күш-қуат алуы үшін Алматыдағы митрополит резиденциясының Иверско-Серафимовский үй храмында сақтаулы тұрған ұлы православиелік қасиетті жәдігер – Аса Қасиетті Құдай Анасының Белдеуінің бір бөлігі салынған сандық әкелінді.

Литургияда дұға еткендер: Астана қаласындағы Құдай Анасының «Қаза болғандарды іздеу» иконасы құрметіне арналған монастырьдің басқарушысы игумения Севастиана (Плотникова) монастырь тұрғындарымен бірге; Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Н. Бородавкин; «Жақынға қызмет ету» атты шіркеулік әлеуметтік-қайырымдылық қызмет жөніндегі I Бүкілқазақстандық съездің қатысушылары; Астана православ жастар қозғалысының белсенділері, орталық жексенбілік мектептің оқытушылары мен тәрбиеленушілері.

Әндерді Ольга Варенцованың жетекшілігімен кафедралды собордың хоры орындады.

Қасиетті өлеңнен кейінгі уағызды иеромонах Димитрий (Байдек) оқыды.

Литургия Құдай Анасының Успение мерекесіне арналған ұлықтаумен, гүлдер мен жүзім бұтақтарымен безендірілген жамылғының, сондай-ақ Аспан Патшайымының Белдеуі сақталған сандықтың алдында аяқталды.

Орыс Православие Шіркеуінің Басшысы, Мәскеу және бүкіл Русьтің Қасиетті Патриархы Кириллге; Қазақстан Митрополиттік округінің Басшысы мен Қасиетті архипастырьларына; ел Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевқа; билік өкілдеріне, әскерилерге және Қазақстанның барша халқына көпжылдық айтылды.

Қазақстан Митрополиттік округінің Басшысы архипастырьларды, дін қызметкерлерін, монашестволық қауымды және миряндарды «Құдай Анасының Пасхасымен» және престолдық мерекемен шын жүректен құттықтап, жиналған қауымға уағызын айтты.

«Бүгін – ұлы шіркеулік мереке, Аса Қасиетті Құдай Анасының Успение мерекесіне арналған он екі ұлық мерекенің бірі. Бүгін көне әнұранның қуанышты сөздері шырқалады: «Дұғаларда мүлгіп ұйықтамайтын Құдай Анасын және Оның шапағатына деген мызғымас үмітті қабір де, өлім де ұстап қала алмады». Бұл қасиетті оқиға апостолдық дәуірден бері сенушілер тарапынан ерекше қастерленіп келеді. Өйткені дәл Успение күні Құдай Анасының ұлылығы толық ашылып, бұған дейін жасырын болған Оның сөзбен жеткізгісіз киелілігі, ізгіліктерінің көркемдігі мен жан тазалығы барша адамның көз алдында жарқырай көрінді. Сол қасиеттерімен Ол жоғары періштелік күштер – херувимдер мен серафимдерден де асып түсті. Әулие Григорий Палама осы мерекеге арналған сөзінде: «Аса Пәк Бикеш барлығынан және барлық нәрседен жоғары көтерілді. Ол жалғыз Өзі Құдай мен адамзаттың арасында тұрып, Құдайды Адам Ұлы етті, ал адамдарды Құдайдың ұлдарына айналдырды; Ол жерді Аспанға айналдырып, адамзатты құдайлық болмысқа қауыштырды», – дейді.

Қасиетті Дәстүр бізге Құдай Анасының Успениесіне қатысты оқиғаларды ұқыптылықпен жеткізді. Мерекелік иконадан біз оның басты сәтін көреміз: періштелер әскері қоршаған көктегі салтанатымен Иеміз Иса Мәсіх Өз Анасының жерлеу төсегіне Оның мәңгі өлмес жанын қабылдау үшін түсіп келеді.

«Ақиқатында, ақиқатында сендерге айтамын: Менің сөзімді тыңдап, Мені Жібергенге сенген адам мәңгілік өмірге ие болады, сотталмайды, қайта өлімнен өмірге өтті» (Ин. 5:24), – деген Құтқарушының сөздерін естиміз. Бұл Інжілдік уәде Аса Қасиетті Құдайанада толық орындалды: Ол адамзат үшін бұлжымас табиғи заңнан өтіп, қабірде тыныстады, алайда Оның өмірі тоқтаған жоқ. Өлім Аса Пәк Бикештің үстінен қандай да бір билігін жоғалтып, Ол үшін бақытты мәңгілікке бастайтын қақпаға айналды. Сондықтан бұл мереке Успение деп аталады, ал православиелік халық арасында «Құдай Анасының  Пасхасы» деп аталады. «Сенің өлімің, Уа, Пәк Ана, мәңгілік әрі жақсы өмірге өтуге жол болды, Сені, Мінсізді, уақытша өмірден шын мәніндегі Құдайлық әрі өзгермейтін өмірге жеткізді», – деп мерекелік канонда оқимыз. Жерді тастап, Иеміздің Анасы Өз Ұлы әрі Құдайымен мәңгілік патшалық құру үшін Аспанға көтерілді. Әулие Игнатий (Брянчанинов): «Ол көкте патшалық етеді. Көктегі Патшаның Анасы ретінде Ол Аспан Патшайымы, қасиетті періштелер мен қасиетті адамдардың Патшайымы деп жарияланды», – деп жазады. Інжілден Құтқарушының көкке көтерілуінің алдында айтқан: «Мен сендермен дүниенің ақырына дейін барлық күндерде біргемін» (Мф. 28:20), – деген сөздерін еске аламыз. Иеміз шәкірттерінен тек көзге көрінетін түрде ғана ажырады, алайда барлық замандарда Ол Өз Шіркеуімен, Өзіне сенетін барша адамдармен және әрқайсымызбен бірге болып келеді. Дәл сол сияқты Аса Қасиетті Құдайана да жұмақ мекендеріне қоныс аударып, Аспан мен жердің Патшайымы болғанымен, христиан қауымынан ажыраған да, алыстаған да жоқ. Керісінше, Успениесі арқылы Ол аналық қорғауына сеніп, дұғаларында Оны үмітпен шақыратын жандарға бұрынғыдан да жақын болды. Әулие Андрей Критский Аспан Патшайымына былай деп тіл қатады: «Адамдармен бірге өмір сүрген кезіңде Сен жердің аз ғана бөлігіне тиесілі едің, ал жерден кеткеннен бері бүкіл әлем Сені ортақ арашашы ретінде иеленді». Бұл шындықты Құдай Анасының Өзі де Успениесінен кейінгі үшінші күні, кешкі ас үстінде жиналған апостолдарға көктегі салтанат нұрымен көрініп, растады. Ол Мәсіхтің шәкірттеріне: «Қуаныңдар! Мен әрдайым сендермен біргемін!» – деді. Сонда апостолдар: «Аса Қасиетті Құдай Анасы, бізге жәрдем ет!» – деп дауыстады. Құдай Анасының дұғадағы арашашылығына, Оның барлық замандарда Шіркеу өміріне үздіксіз қатысатынына деген сенім христиандар үшін әрдайым шабыт пен жұбаныштың қайнар көзі болды. Аспан Патшайымы дұғаларда шақырылмайтын бірде-бір құлшылық жоқ, Державалы Билеушінің қастерлі иконалары тұрған бірде-бір православиелік шаңырақ жоқ. Оның құрметіне ең асқақ әндер мен жүрекке әсер ететін дұғалар шығарылған. Құдай Анасының есіміне қандай ғана атаулар телінбейді: Ол – Ынталы Қорғаушы, Қайғырушылардың Қуанышы, Мызғымас Қабырға, Жұбаныш пен Медет, Аспан Қақпасының Қорғаушысы, Зұлым жүректерді Жұмсартушы, Қайғыларды Басушы. Шынында да, Шіркеу болмысынан, Отанымыздың тарихи тағдырынан, Құдайдың қасиетті пенделерінің өмір жолынан және әрбір сенуші адамның өмірінен Аса Қасиетті Құдай Анасының құтқарушы күшін көруге болады. Барлық адамдардың арасынан таңдалған Ол Құтқарушының Анасы болып, мәңгілікке бүкіл әлем үшін Құдайлық сыйлардың қайнар көзіне айналды. Әулие Григорий Богослов: «Таңдалғандардың әрқайсысына рақым ішінара берілді, ал Бикешке рақымның толықтығы берілді», – дейді. Аса Қасиетті Құдай Анасының Успениесін мерекелеп әрі дәріптеп, дұғалар мен әнұрандар айтып, шырақтар жаға отырып, Құдай Анасына арналған ең жақсы мадақ – Інжіл өсиеттеріне сай өмір сүру екенін есте ұстауымыз керек. Құтқарушының Анасы Қанадағы үйлену тойында тойға қатысушыларға: «Ол сендерге не айтса, соны орындаңдар» (Ин. 2:5), – деген еді. Бұл сөздерді Ол Иеміз Иса Мәсіхті тыңдап, Оның өсиеттерін орындауға шақыра отырып, әрқайсымызға арнайды. Әулие Иоанн Дамаскин Құдай Анасының «әрбір жамандыққа қайғырып, күйзелетінін, ал әрбір ізгілікке Өзінің сыйындай қуанатынын» еске салады. Өзі Мәсіхтің Анасы ғана емес, Оның адал шәкірті де болғандықтан, Ол бізден де Құдай сөзін тыңдап, оны орындауды күтеді (қараңыз: Лук. 11:28). Аса Қасиетті Құдай Анасының Успение мерекесі – қасиетті шейіттер мен мойындаушылардың ерліктерімен қасиеттелген, берекелі Қазақстанымыздағы еліміздің басты ғибадатханасы – Астанадағы Успение кафедралды соборының престолдық мерекесі. Алматы митрополиті, қасиетті шейіт Николай бұл күні сенушілерге: «Аспан Патшайымын дәріптеуге дағдыланыңдар, сонда Ол, Мейірімді Ана, сендерді бұл өмірде де, өлім сағатында да Өзінің арашашылығынсыз қалдырмайды», – деп үндеу тастаған. Апостолдардың, әулие иерархтардың, қасиетті әулиелер мен әділ жандардың, ежелгі шейіттер мен Мәсіх жолындағы жаңа азап шегушілердің өсиетіне ерейік. Әр уақытта және әрбір сағатта Аспан Патшайымының, Құдай Анасының әрі біздің Анамыздың есімін дұғада атайық. Дұғаларда мүлгіп ұйықтамайтын Құдай Анасы бейнеленген қасиетті плащаницаның алдында дұға етейік. Аспан Патшайымы өмірімізді Құдайдың рақымымен қасиеттеп, Өз Ұлы әрі біздің Құдайымыздың мейірімін сыйласын және бізді Көктегі Әкенің бақытты Патшалығында Оның нұрлы дидарын көруге лайық етсін». Митрополит Александрдың уағызынан.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді