ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
06.09.2026, 14:00

Мәскеулік әулие Петрді еске алу күніне орай еске митрополит Александр Митрополиттік округ Өкілдігінің елордадағы храмында Литургияны өткізді

Мәскеулік әулие Петрді еске алу күніне орай еске митрополит Александр Митрополиттік округ Өкілдігінің елордадағы храмында Литургияны өткізді

2026 жылғы 6 қыркүйек – Елуінші күннен кейінгі 14-апта, Киев, Мәскеу және бүкіл Русь митрополиті, керемет жасаушы әулие Петрдің қасиетті жәдігерлерін көшіруді еске алу күні.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр Мәскеу қаласындағы Мәскеу Патриархатының ауласында – Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие Шіркеуінің Митрополиттік округі Өкілдігінің аумағында орналасқан қасиетті азап шегушілер Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы Софияның атына арналған храмда Құдайлық Литургияны өткізді.

Жоғары мәртебеліліге қызмет еткендер: Алматы рухани семинариясының проректоры, теология ғылымдарының кандидаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор, игумен Агафангел (Гагуа); қасиетті азап шегушілер Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы София храмының кілтшісі, иеромонах Антоний (Дробязко) және аула дін қызметкерлері.

Құлшылықта дұға еткендер: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары хатшылығы басшысының орынбасары Н.В. Паршикова; «Софрино» компаниясының бас директорының м.а.,В.А. Левин; Өкілдік қызметкерлері мен храм жамағаты.

Әндерді храм хоры Анна Рожнованың жетекшілігімен орындады.

Литургия соңында митрополит Александр жамағатқа уағызын айтып, тәлім-тәрбие сөздерін арнады.

«Әр жолы жексенбі – кіші Пасха – келген кезде, Қасиетті Шіркеу бізге Мәсіхтің қайта тірілуі арқылы құтқарылуымыздың құпиясын еске салады. Елші Пауыл былай дейді: “Мейірімі мол Құдай бізді сүйген ұлы сүйіспеншілігінің арқасында күнәларымыздың кесірінен өлі болған бізді Мәсіхпен бірге тірілтті – сендер рақым арқылы құтқарылдыңдар – әрі бізді Онымен бірге қайта тірілтіп, Иса Мәсіхте көктегі орындарға отырғызды” (Ефес. 2:4-6). Құтқарушының қайта тірілуі арқылы әрбір сенуші адам жоғарыдан жіберілетін рақым күшіне бөленіп, Ізгі хабардың ақиқаты мен Құдайдың өсиеттері бойынша өмір сүруге мүмкіндік алды – әртүрлі адамдармен қарым-қатынаста мейірімді әрі қайырымды, адал әрі ізгі ниетті болуға, жақындарымен де, алыстағылармен де қуаныш пен қайғыны бөлісе білуге мүмкіндік алды. Православие сенімін мойындау – өз-өзіңмен, ішкі жан дүниеңмен тынымсыз әрі тұрақты рухани жұмыс жүргізбей мүмкін емес. Сонымен қатар, дана сөздер мен ізгі істер арқылы қоршаған ортамызды өзгертуге, өз өмірімізге және жанымыздағы адамдардың өміріне Құдайдың құтқарушы әрі қасиетті рақымын шақыруға тиіспіз.

Жаратқан Ие бізден шамамыз жетпейтін ерліктерді талап етпейді. Ізгі хабардың өсиеттерін ұстанудағы ең қиыны – алғашқы қадамдар ғана. Әуелі дөрекілікке дөрекілікпен, жамандыққа жамандықпен, әділетсіздікке әділетсіздікпен, айыптауға айыптаумен жауап бермей, дер кезінде тоқтай білу және парасаттылық таныту қажет.

Келесі қадам – жақындарымыздың мұқтаждықтарына, олардың қайғысы мен жетістіктеріне мұқият көңіл бөлу. Отбасында, жұмыста немесе жай ғана көршілермен және таныстармен қарым-қатынаста жасалған дұрыс әрі адал істердің жүрекке шынайы қуаныш сыйлап, жанға тыныштық әкелетінін түсіну маңызды. Құтқарушы әрбір адамға қайта-қайта былай деп үн қатады: “Еңбек етіп, ауыртпалық көтеріп жүргендердің бәрің Маған келіңдер, Мен сендерге тыныштық беремін; Менің ауыртпалығымды мойындарыңа алыңдар және Менен үйреніңдер, өйткені Мен момынмын әрі жүрегім кішіпейіл, сонда жандарыңа тыныштық табасыңдар. Себебі Менің ауыртпалығым игілікті, жүгім жеңіл” (Мф. 11:28-30). Жаратқан Ие бізге жүктейтін сол жүгеннің қаншалықты игілікті әрі жеңіл екенін сезіну және түсіну үшін жақсылық жасауға асығуымыз керек». Митрополит Александрдың уағызынан.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді