2026 жылғы 4 қараша – Қазан Құдай Анасы иконасының құрметіне арналған мереке.
Астана және Қазақстан митрополиті Александр храмдық мейрамын атап өтіп жатқан Қазан Құдай Анасы иконасының құрметіне арналған соборда Құдайлық Оитургияны өткізді.
Алматы қаласындағы ең көне храм ерекше қасиетті жәдігер – марқұм митрополит Иосиф (Чернов) приходқа сыйға тартқан, ерекше құрметке ие Қазан Құдай Анасының бейнесі сақтаулы. Иконаның сыртқы бетінде мынадай жазу бар:
«КСРО ғалым-археологтарының куәлігі бойынша, бұл – XVII ғасырға тиесілі Қазан Құдай Анасының қасиетті иконасы. Мен оны асыл қазынам әрі қасиетті жәдігерім ретінде сақтап келдім. Енді оны Алматыдағы Қазан шіркеуіне дұға етіп еске алу, сондай-ақ храмдағы дін қызметкерлері мен қарапайым еңбек етуші қауым арасында бейбітшілік орнап, нығаюы үшін сыйға тартамын! Өсиетті есте сақтаңдар, Құдай Анасына дұға етіңдер! 1967 жылғы 17 шілде. Алматы. Иосиф, Алматы және Қазақстан архиепископы».
Митрополиттік округ Басшысы храмдық мереке қарсаңында тағы бір қасиетті жәдігер – Қазан қаласындағы Арск зиратында орналасқан Ярославль ғажайып жасаушыларының құрметіне арналған шіркеуде сақталған көне Қазан ғажайып иконасының дәлме-дәл көшірмесін, яғни «өлшемі мен ұқсастығын» жеткізді. Бұл икона 2016 жылы түпнұсқа қасиетті бейненің алдында қасиеттелген.
Сондай-ақ Оңтүстік астанадағы Қазан соборында Қазан Құдай Анасының ғажайып иконасының Ватикандық көшірмесінің дәлме-дәл нұсқасы – «өлшемі мен ұқсастығы» сақтаулы. Қазан қаласында 2021 жылғы 16 қазанда митрополит Александр Қасиетті Құдай Анасының Қазан ғажайып иконасының көшірмесін көне түпнұсқа бейненің алдында қасиеттеу рәсімін өткізген болатын.
Храмдық мерекеге арналған Литургия кезінде Митрополиттік округ басшысына қызмет еткендер: Қазақстан Православие Шіркеуінің басқарушы істері жөніндегі епископы, Қаскелең епископы Геннадий; Астана епархиясының викарийі, Талдықорған епископы Клавдиан; Алматы шіркеулерінің құрметті өкілі, Никольск соборының басқарушысы протоиерей Валерий Захаров; Алматыдағы Құдай Анасының «Қайғығырғандарлың барлығының қуанышы»
иконасының құрметіне арналған храмның басқарушысы протоиерей Евгений Воробьев; епархияның әулиелерді заңдастыру жөніндегі бөлімінің жетекшісі архимандрит Иосиф (Еременко); архимандрит Геронтий (Борисевич); Алматы православие рухани семинариясының ректоры, протоиерей Евгений Иванов; Іле шіркеу округінің құрметті өкілі протоиерей Александр Зырянов; Митрополиттік округ Басшысының хатшысы, иеромонах Димитрий (Байдек); Қостанай епархиясы хатшысының міндетін атқарушы, иеромонах Геннадий (Бурдюжа); Митрополиттік округ басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі, иерей Георгий Сидоров; Қазан соборының настоятелі, иерей Георгий Рублинский; иеромонах Херувим (Левин); протодиакон Николай Гринкевич; митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі, протодиакон Роман Головин; протодиакон Владимир Сыровацкий; диакон Константин Вольнягин; диакон Рустик Якупов; диакон Георгий Ткаченко және диакон Даниил Пасюк.
Құлшылықта дұға еткендер: Алматы епархиялық басқармасының қызметкерлері, собор прихожандары және Оңтүстік астананың православие дінін ұстанатын тұрғындары.
Мерекенің құрметті қонағы «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В. М. Капсамун болды.
Құлшылық кезіндегі діни әндерді О. Соломонованың жетекшілігімен Алматыдағы Никольск және Қазан соборларының біріккен хоры, сондай-ақ диакон Макарий Белицкийдің жетекшілігімен Алматы епархиясының ерлер хоры орындады.
Литургия кезінде Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың рухани ұстазы, 1986 жылы Қазан Құдай Анасы иконасының мерекесі күні дүниеден өткен, марқұм Тихвин архиепископы Мелитонның (Соловьев) рухына бағышталған дұғалар оқылды. Биыл оның қайтыс болғанына 40 жыл толды. Сонымен қатар Қазан соборының құрбандық үстелі жанында жерленген ғибадатхананың марқұм құрылысшылары, қайырымдылық жасаушылары мен көркейту жұмыстарына үлес қосқандары, дін қызметкерлері мен қарапайым қауым мүшелері де дұға арқылы еске алынды.
Қасиетті өлеңнен кейінгі уағызды Қаскелең епископы Геннадий айтты.
Литургия Қазан Құдай Анасы бейнесінің алдында мадақтау рәсімімен аяқталды. Одан кейін крест шеруі өтіп, Оңтүстік астананың ең көне храмының құрбандық үстелі жанындағы некропольде жерленген марқұмдардың рухына бағышталған лития оқылды. Митрополиттік округ Басшысы Алматы епархиясының дін қызметкерлері жерленген орындарға жаңадан орнатылған кресттер мен құлпытастарды қасиетті сумен бүркіді.
Крест шеруі аяқталған соң митрополит Александр дін қызметкерлері мен прихожандарды храмдық мерекемен құттықтап, Қасиетті Құдай Анасына құрмет көрсету туралы уағыз айтты.
Жоғары мәртебелі жиналған қауымды қасиетті сумен бүркіп, батасын берді.
Құлшылықтың бейнетүсірілімін Қазақстан Митрополиттік округінің «Семиречье» телестудиясы (директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері В. Л. Посаднева) жүзеге асырды. Бейнематериал «Семиречье» YouTube арнасында жарияланды. Фототүсірілімді А. Щеглов жүргізді.
Мерекелік литургияның толық тікелей көрсетілімі «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының (президенті – В. М. Капсамун) бастамасымен және қолдауымен «Прообраз» YouTube арнасында ұйымдастырылды.
«Орыс Православие шіркеуінде белгілі Қасиетті Құдай Анасы иконаларының ішінде Қазан иконасы секілді кең таралғаны жоқ. Ол бүкіл әлемде ерекше құрметке ие, миллиондаған сенуші оған дұға етіп, үміт артады. Адам өмірі қайғы-қасіретке, мұң мен сынақтарға толы. Алайда христиан жүректері үшін жұбаныштың сарқылмас қайнары әрдайым бар. Қиын жағдайларға тап болып, түрлі сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезіккенде біз әрдайым сеніммен және үмітпен Мінсіз Құдай Анасының дұғалық араша түсуіне жүгінеміз. Біздің өтініштеріміз бен жүрек толғаныстарымызға жауап ретінде Ол өзінің аналық махаббатымен суыған жүректерімізді жылытып, бізді бәле-жаладан және азғырулардан құтқарып, мәңгілік Көктегі Патшалыққа бастайды.
«Мәриям Бикеш бізді барлық жағынан естиді. Өйткені Құтқарылу Анасы нұрлы мекенде, тірілер елінде өмір сүреді», – деп үйретеді бізге әулие Иоанн Алтын ауыз.
Алайда Қасиетті Құдай Анасының Қазан бейнесі арқылы алатын барлық игіліктеріміз Құдайдың Өзінің және Көктегі Патшайымның дұғалары арқылы икона арқылы бізге көзге көрінбестен берілетін Оның рақымының арқасында жүзеге асатынын есте сақтау маңызды.
Сұрағанымыздың орындалуы, тілектеріміздің жүзеге асуы және үміттеріміздің ақталуы жүрегімізде Құдайға деген шынайы сенім мен Оның мейіріміне деген үміт болған жағдайда ғана мүмкін. Қасиетті апостол Павел бұл туралы былай үйретеді: «Сенімсіз Құдайға ұнамды болу мүмкін емес; өйткені Құдайға жақындаған адам Оның бар екеніне және Өзін іздегендерге сый беретіндігіне сенуі керек» (Евр. 11:6).
Өз жанымызды тазартпай, тәубеге келіп, өмірімізді түземейінше, дұғадағы еңбегіміз нәтижелі болмайды. Шіркеудің ұлы ұстазы, әулие Григорий Богословтың сөзімен айтқанда: «Бұлт күн сәулесін бүркегені секілді, өз күнәларын мойындап, олардан бас тартқысы келмейтін күнәһар адам Құдайдың сүйіспеншілігі мен Құдай Анасының мейірім сәулелерін өзі үшін бүркейді». Сондықтан Көктегі Патшайымның даңққа бөленген қасиетті бейнесіне тағзым ете отырып, Жаратқан Иеден күнәларымыздың кешірілуін, әлсіздіктерімізді жеңуді және құмарлықтарымыздан арылуды ерекше ынтамен сұрайық.
Өтініштеріміз бен дұғаларымыздың басты тақырыбы ізгі қасиеттерге толы христиандық өмірге қол жеткізу болсын. Оның жарқын үлгісі – Құдай Ананың Өзі. Құдайды жүрегіне ұялатқан әулие Игнатийдің сөзімен айтқанда, Мәңгілік Бикеш «қуғын-сүргін мен қиындықтарда әрдайым қуанышты болды, мұқтаждық пен жоқшылықта мұңаймады, өзін ренжіткендерге ашуланбай, керісінше, оларға жақсылық жасады; бақуатты өмірде кішіпейіл, кедейлерге мейірімді болып, қолынан келгенше көмектесті, тақуалық пен әрбір ізгі істің үлгісіне айналды». Қасиетті Билеуші Құдай Ананың мейірімі баршамызбен бірге болсын!» Митрополит Александрдың уағызынан.
Митрополит Александр Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборында жексенбілік Литургияны өткізді
Толығырақ
Қасиетті риясыз емшілер әрі ғажайыптар жасаушылар Косма мен Дамианның рухына тағзым ету күні. Митрополит Александр Ақжар шағынауданындағы Богородице-Рождественский храмында Литургияны өткізді
Толығырақ
Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Алматы рухани семинариясының әкімшілігімен және студенттерімен кездесуі өтті
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр