13 қараша 2026 жыл. Алматы. Астана және Қазақстан митрополиті Александр Түркістан және Ташкент епархиясының құрылғанына 155 жыл және Алматы және Жетісу епархиясының құрылғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шараларға дайындық мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
Кездесу Қазақстан Митрополиттік округінің митрополит Иосиф (Чернов) атындағы әкімшілік және рухани-мәдени орталығында өтті.
Кеңеске қатысқандар: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; Алматы православие рухани семинариясының ректоры, Қазақстан Митрополиттік округінің ақпараттық-баспа бөлімінің жетекшісі протоиерей Евгений Иванов; Митрополиттік округ басшысының жеке хатшысы иеромонах Димитрий (Байдек); Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; митрополиттің жеке хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий).
Кездесудің басты тақырыбы 2027 жылғы 18–22 мамыр аралығында Алматы мен Астанада өтетін мерейтойлық салтанатты іс-шаралар бағдарламасын талқылау болды.
«Келер жылы Қазақстан Православие Шіркеуі екі айтулы тарихи күн – Түркістан және Ташкент епархиясының құрылғанына 155 жыл және Алматы және Жетісу епархиясының құрылғанына 100 жыл толуын атап өтеді. Бұл мерейтойлық даталар бізге Қазақстандағы Православие Шіркеуі өмірінің бастауына үңіліп, алғашқы архипастырлардың жанқиярлық еңбегін, ең ауыр сынақ жылдарында Христосқа деген адалдығын сақтап қалған дін қызметшілері мен діндарлардың ерлігін ризашылықпен еске алуға мүмкіндік береді.
Біздің міндетіміз – тарихи мерейтойларды лайықты атап өту ғана емес, сонымен қатар замандастарымызға Қазақстан жеріндегі православиенің бай рухани мұрасын таныстырып, шіркеу өмірінің өткені мен бүгінінің ажырамас байланысын көрсету. Алдағы салтанатты іс-шаралар бүкіл Қазақстан Митрополиттік округі үшін маңызды оқиғаға айналып, шіркеу бірлігін нығайтуға, рухани-ағартушылық жұмыстарды дамытуға және тарихи жадыны сақтауға ықпал етуі тиіс», – деп атап өтті митрополит Александр.
Жиынға қатысушылар тарихи даталарды мерекелеу аясында өткізілуі тиіс рухани-ағартушылық, ғылыми, жастар, мәдени және әлеуметтік бағыттағы маңызды іс-шаралардың тізбесін белгіледі. Әсіресе Жетісудағы шіркеу өмірінің бастауында тұрған архипастырлардың қызметіне, православие приходтарының тарихына, сондай-ақ Қазақстанның жаңа азап шегушілері мен дін жолында мойымай өткен тұлғалардың рухани мұрасын сақтауға ерекше назар аудару жоспарланып отыр.
Тарихи күндерді мерекелеу аясында Астана қаласында Қазақстан жерінде жарқыраған барша әулиелердің құрметіне жаңадан салынған шіркеуді салтанатты түрде ұлы дәріптеу рәсімі өткізіледі деп жоспарлануда.
Митрополиттік округ Басшысының айтуынша, Республика астанасында жаңа шіркеудің бой көтеруі православие дінін ұстанушылардың өміріндегі маңызды оқиға болмақ. Сонымен қатар бұл бұрынғы архипастырлардың, пастырлардың және діндарлардың еңбегі қазіргі Қазақстанның шіркеу өмірінде де игілікті жемісін беріп келе жатқанын айғақтайды.
Мерейтойлық салтанатты іс-шараларға Қазақстан иерархтарымен қатар Ресей мен ТМД елдерінен келетін архипастыр қонақтардың да қатысуы күтілуде.
Кеңес соңында митрополит Александр барша қатысушыларға атқарған еңбектері үшін алғысын білдіріп, тиісті тапсырмалар берді.
Митрополиттік округ Басшысы Алматы және Астана епархияларында мерейтойлық салтанатты шараларға дайындық мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді
Толығырақ
Митрополит Александрдың Астана епархиясының жаңадан тағайындалған викарийі, Малотимофеевск епископы Гедеонмен жұмыс кездесуі өтті
Толығырақ
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Қарағанды және Шахтинск архиепископы Севастианмен жұмыс кездесуін өткізді
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр