2026 жылғы 21 қараша – Құдайдың Архистратигі Михаил мен өзге де Көктегі тәнсіз күштерді ұлықтау мерекесі.
Астана және Қазақстан митрополиті Александр Мәскеу қаласындағы Патриархтық қосалқы храм – Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие Шіркеуі Митрополиттік округінің Өкілдігі аумағында орналасқан Қасиетті азап шегуші қыздар Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы Софияның құрметіне арналған храмда Құдайлық Литургияны өткізді.
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысына қызмет еткендер: Көкшетау және Ақмола архиепископы Варсонофий; Ақтөбе және Қызылорда епископы Игнатий; Орал және Атырау епископы Вианор; Алматы рухани семинариясы проректоры, теология кандидаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор, игумен Агафангел (Гагуа); Қасиетті азап шегуші қыздар Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы София ғибадатханасының кілт сақтаушысы иеромонах Антоний (Дробязко); сондай-ақ Өкілдік дін қызметкерлері.
Құлшылықта дұға еткендер: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников, Өкілдік қызметкерлері мен ғибадатхана қауымының мүшелері.
Литургиялық әндерді Анна Рожнова жетекшілік ететін храм хоры орындады.
Құлшылық аяқталған соң митрополит Александр иерархтарға, дін қызметкерлеріне және жиналған сенушілерге үн қатып, оларды ұлы мереке – Архангел Михаил мен Көктегі тәнсіз күштерді еске алу күнімен құттықтады.
«Апостол Павел періштелік күштер туралы: олар “құтқарылуды мұраға алатындарға қызмет ету үшін жіберілетін қызметші рухтар” (Евр. 1:14) дейді. Қасиетті Жазбаның белгілі түсіндірмешісі, болгариялық блаженный Феофилакт бұл мәтінді былайша түсіндіреді: “Құдайдың бізге деген қамқорлығы қандай ұлы десеңізші: Ол бізден артық жаратылған періштелерді де біздің құтқарылуымызға қызмет етуге тағайындаған”. Бүгін, Құдайдың Архистратигі Михаил мен барлық Көктегі тәнсіз күштер мерекесінде, біз ізгі періштелердің барлығын – Иеміздің рухани қызметшілері әрі құтқарылу жолындағы ізгі көмекшілерімізді дұға арқылы еске алып, айрықша ұлықтаймыз. Періштелік күштерді еске алуға тек бүгінгі күн ғана арналмаған. Мәсіхтің Шіркеуі әр аптаның дүйсенбі күнін тәнсіз Көктегі әскерлерді ұлықтау күні етіп белгілеген. Інжіл мәтіндері мен Қасиетті Дәстүрден білетініміздей, Құдай періштелері Жаратушының еркін орындай отырып, ғаламның әртүрлі бөліктеріне, табиғат құбылыстарына, халықтар мен елдерге қамқорлық жасайды. Жаратушы Православие Шіркеулеріне, ғибадатханалар мен монастырьлерге қамқорлық жасауды сеніп тапсырған ерекше періштелер де бар. Сондай-ақ әрбір христианның өзінің айрықша көктегі қамқоршысы әрі қорғаушысы – Құдайдың қасиетті Шоқындыру құпиясы арқылы сенушіге сыйланатын Періште-Қорғаушысы бар. Осы ұлы Құпияны адамға жасау кезінде діни қызметкер Шоқындыру рәсімін қабылдауға дайындалып жатқан жан үшін мынадай дұға оқиды: “Оны нұрлы Періштемен табыстыр, ол оны жаудың барлық қулық-сұмдығынан, зұлым кездесуден, тал түс демонынан және алдамшы елестерден қорғасын”.
Адам “судан және Рухтан қайта туылып”, Шіркеудің перзентіне айналған сәттен бастап, Құдайдың ұлы әрі қорқынышты Сотына дейін Періште-Қорғаушы христианды әрдайым бірге алып жүреді. Осылайша, “барлық адамдардың құтқарылып, ақиқатты тануға жетуін қалайтын” (1 Тим. 2:3) Иеміз бізге деген әкелік қамқорлығын танытады. Күн сайын үйде дұға ережесін орындайтын әрбір адам таңғы және кешкі дұғалардың арасында көктегі қорғаушысы – Періште-Қорғаушыға арналған ерекше жалбарыну бар екенін біледі. Ұйқыдан оянғанда да, ұйқыға жатарда да христиан өзінің періштесіне дұға етуі тиіс: көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, жаман ойларымызбен, сөздерімізбен және істерімізбен көктегі қорғаушымызға келтіретін қасіретіміз үшін кешірім сұрауы қажет. “Қасиетті Періште-Қорғаушыңызға жүгініңіз, сонда ол әрбір жағдайда сізге дұрыс жол көрсетеді. Ол – ең сенімді жетекші”, – деп үйретеді бізге әулие Феофан Затворник. Күнделікті өмірде, еңбек пен тұрмыс қамымен жүргенде де көктегі қорғаушымызды – Иеміз Құдайдың алдында біз үшін араша түсетін өз Періште-Қорғаушымызды мүмкіндігінше жиі шақыруды ұмытпайық. Оған қысқа ғана жалбарыну сөздерімен тіл қатып жүрейік: “Уа, Құдайдың қасиетті Періштесі, менің Қорғаушым, мен үшін Құдайға дұға ете гөр”. Біз Жаратушының бізді рухани, көзге көрінбейтін періштелік қанаттарымен қорғайтынына және Өз халқын әрдайым сақтайтынына сенеміз. Біз көкте Жаратушының алдында тұратын Құдай періштелері көзге көрінбесе де, әрдайым арамызда болып, бізді Құдай Патшалығына бастар жолда қолдайтынына сенеміз». Митрополит Александрдың сөзінен.
Құдайдың Архистратигі Михаил мен өзге де Көктегі тәнсіз күштер мерекесінде митрополит Александр Мәскеу қаласындағы Қазақстан Митрополиттік округі Өкілдігінің храмында Литургияны өткізді
Толығырақ
«Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамунның Алматы православие рухани семинариясының әкімшілігі және педагогикалық ұжымымен кездесуі өтті
Толығырақ
Ресей Православие Шіркеуінің Қасиетті Синод мүшелерінің Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллді 80 жасқа толуына орай құттықтауы
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр