ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Православие жаңалықтары
20.11.2026, 21:30

Ресей Православие Шіркеуінің Қасиетті Синод мүшелерінің Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллді 80 жасқа толуына орай құттықтауы

Ресей Православие Шіркеуінің Қасиетті Синод мүшелерінің Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллді 80 жасқа толуына орай құттықтауы

20 қараша 2026 жыл. Мәскеу. Ресей Православие Шіркеуінің Қасиетті Синод мүшелері Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Қасиетті Кириллді туғанына 80 жыл толуына орай құттықтау жолдады:

Аса құрметті Жоғары Мәртебелі, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Қасиетті Кириллге

Аса құрметті Жоғары Мәртебелі, Қасиетті Әмірші және мейірімді Әкеміз!

Сізді 80 жасқа толуыңызға арналған айтулы мерекемен құттықтаған осы ерекше күні Құтқарушы Мәсіх ғибадатханасының күмбезі астына көптеп жиналған біздер — архипастырлар, пастырлар, монастырь қауымының өкілдері мен миряндар Сізбен бірге литургиялық қарым-қатынас қуанышын бөлісіп, өткен жылдар ішінде Жаратқан Иенің Сізге молынан нәсіп еткен барлық игіліктері үшін Үшбірлікте дәріптелетін Құдайға мадақ айту бақытына ие болдық.

Енді Жоғары Мәртебелі,  біздің шынайы құттықтауларымызды қабыл алуыңызды өтінеміз. Бүгінде бүкіл шіркеу қауымы бір ауыздан, бір жүрекпен Құдайға мінажат етіп, Сізге, Ұлы Әмірші әрі Әкемізге, берекелі де бейбіт ғұмыр, зор денсаулық, құтқарылу және барлық істеріңізге ізгілік пен табыс тілеуде.

Өткен сексен жылға ой жүгірте отырып, Сізді өмір жолыңызбен жетелеп келген Құдайдың аса ізгі қамқорлығының әрекетін аңғармау мүмкін емес. Жас кезіңізде Сіз Қасиетті Шіркеуге қызмет етудің ауыр да жауапты жолын таңдадыңыз. Сіз рухани әкеңіз, мәңгілік естелігі құрметті Ленинград және Новгород митрополиті Никодимнің қолынан монастырьлық постриг қабылдап, диакондық, діни қызметкерлік және архиерейлік хиротониялардан өттіңіз.

Осы көрнекті архипастырдың жалынды сенімі, рухының беріктігі мен Шіркеуге деген адалдығы, сондай-ақ Мәсіх үшін дінсіздік қуғын-сүргіні жылдарында азап шеккен атаңыз, діни қызметкер Василийдің және тақуа ата-анаңыз — протоиерей Михаил мен ақ жаулықты Раиса ананың өнегесі Сіз үшін әрбір мойынсұну міндетін ерекше ыждаһаттылықпен әрі жауапкершілікпен атқаруға шабыттандыратын өшпес мұратқа айналды. Аз істе көрсеткен ынта-жігеріңіз бен адалдығыңызды көрген Жаратқан Ие Сізді көп нәрсеге ие етті (Мф. 25:21). Ол Сізге даналық пен күш-қуат дарытып, рухани тұрғыдан кемелдендіре түсті.

Бүгінде әлемдегі ең көп санды Православие Шіркеуінің қамын үздіксіз ойлап жүрген Сізге қарап, Жаратқан Иенің қандай сан алуан дарындар мен ерекше қабілеттерді сыйлағанына және Мәсіхтің денесін қалыптастыру жолында (Еф. 4:12) қандай жанқиярлықпен еңбек етіп жүргеніңізге қайта-қайта көз жеткіземіз. Қиындықтар мен сынақтардан қаймықпай, Құдай рақымының сан қырлы игіліктерін басқарушы дана қызметші ретінде (1 Пет. 4:10) Сіз замандастарыңызға мәңгілік Інжіл ақиқаттары туралы, «Бар және болған, әрі келе жатқан» Құдай туралы (Деян. 1:8) батыл әрі нанымды түрде куәлік етіп келесіз.

Сіз он сегіз жылдан бері Патриархтық қызметтің ауыр жүгін көтеріп, бүкілресейлік әулие иерархтардың — ата-баба сенімін қорғаушылардың, славян ұстаздары, қасиетті Кирилл мен Мефодийге тең апостолдардың еңбегін жалғастырушылардың лайықты мұрагері ретінде өз міндетіңізді абыроймен әрі әділ атқарып келесіз.

Ресей Православие Шіркеуінде Сіздің Патриархтық қызметіңіз кезеңінде орын алған оқиғалар шын мәнінде бұрын-соңды болмаған құбылыс. Әлемнің ешбір елінде шіркеу өмірі мұндай қарқынмен әрі жан-жақты дамыған емес, бір мезгілде мұншама жаңа ғибадатхана салынбаған және қираған қасиетті орындар мұншама көп қалпына келтірілмеген.

Бас шіркеулік қызметіңізді ерекше құлшыныс пен сүйіспеншілікпен атқарып, үздіксіз мінажат етіп, жалынды уағыз арқылы Інжіл ақиқатын кеңінен таратып, апостолдық дәстүрге сай өз отарыңызды аралап, тәлім беріп жүрген Сіз бәрімізге «Құдай үйінде», яғни тірі Құдайдың Шіркеуінде — ақиқаттың тірегі мен негізінде (1 Тим. 3:15) қалай қызмет ету керектігінің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз.

Сіздің басшылығыңызбен бүгінде Қасиетті Синод, Жоғары шіркеу кеңесі, Синодтық бөлімдер, экзархаттар, митрополиялық округтер, митрополиялар, епархиялар, монастырьлар мен приходтар белсенді қызмет атқаруда. Құдайдың жәрдемімен осы бастамалардың барлығы табысты жүзеге асып, мол әрі игі жеміс беріп келе жатқанына қуана куәлік етеміз.

Шіркеуімізде бүгінде атқарылып жатқан сан алуан істерге құрметпен қарай отырып, Сіз қабылдайтын шешімдердің артында қаншалықты терең ой-толғаныс, жүрек тебіренісі, күш-жігер мен ерік-жігердің зор ширығуы жатқанын, сондай-ақ сол шешімдер үшін қандай үлкен жауапкершілік арқалайтыныңызды толық елестету де оңай емес.

Сондықтан біз әрдайым, ал бүгінгі күні ерекше ыждағатпен, Сіздің жан дүниеңіздің, тәніңіздің, шығармашылық және өмірлік күш-қуатыңыздың жаңарып, толығуын тілеп мінажат етеміз. Осылайша Сіз әлі де талай жылдар бойы Құдайдың даңқы, Шіркеу мен Отан игілігі жолында дәл осындай ынта-жігермен әрі жемісті еңбек ете беріңіз.

Мейірімді Жаратқан Ие Сізді амандықта, абыройыңыз бен денсаулығыңызды сақтап, ғұмырыңызды ұзақ етіп, Мәсіх ақиқатының сөзін тура жеткізе отырып, әділ қызмет атқаруыңызға нәсіп етсін.

Жоғары Мәртебелі, Сізге  ұзақ та берекелі ғұмыр мен мол игілік тілейміз!

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді