ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу және мемлекет
07.01.2026, 14:00

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың Христос Рождествосы мерекесіне арналған құттықтауы

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың Христос Рождествосы мерекесіне арналған құттықтауы

7 қаңтар 2026 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандықтарды Христос Рождествосы мерекесімен құттықтады:

Құрметті отандастар!

Қазақстанның барша православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтаймын!

Бұл жарқын мейрам адамдардың жүрегіне сенім мен үміт ұялатып, барша адамзатқа сүйіспеншілікпен қарауға үндейді. Әділдік, ізгілік, шынайылық, жауапкершілік, мейірімділік, үйлесімділік сияқты мәңгілік рухани құндылықтар христиан діні мен басқа да әлемдік дәстүрлі діндердің арқауы саналады.

Православ христиандары еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға, өскелең ұрпақты отаншылдық пен еңбекқорлыққа баулуға және олардың бойына отбасы құндылықтарын сіңіруге елеулі үлес қосып келеді.  

Бірлік, тілектестік, өзара қолдау қағидаттары – мемлекеттік саясатымыздың ажырамас бөлігі, барлық жетістіктеріміздің мызғымас негізі. Жұртымыз бір-біріне құрмет көрсетіп, сенім мен жанашырлық таныта отырып, әділдік және өсіп-өркендеу жолында алға қарай нық қадам жасай береді.

Православ азаматтарға және барша халқымызға шын жүректен зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!

Әр үй құт-берекеге толсын!

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді