ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Обращение
31.07.2026, 17:00

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Еуразиялық православие жастарының «Аспан. Адам. Дала» форумында сөйлеген сөзі

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Еуразиялық православие жастарының «Аспан. Адам. Дала» форумында сөйлеген сөзі

Қасиетті архипастырлар, аса құрметті әкелер, ардақты бауырлар мен әпке-қарындастар!

Баршаңызды «Аспан. Адам. Дала» Еуразиялық православие жастары форумының ұйымдастырушылары мен қатысушылары ретінде шын жүректен құттықтаймын.

Жаздың осынау тамаша мезгілінде Еуразия құрлығының қақ төрінде түрлі елдерден келген жасөспірімдер мен жастардың – епархиялық жастар ұйымдарының өкілдерінің өздерінің рухани жетекшілерімен бірге ортақ еңбек етіп, ізгі қарым-қатынас орнату үшін бас қосқаны ерекше қуантады. Бүгін арамызда Орыс Православие Шіркеуінің жастар ісі жөніндегі Синодалдық бөлімінің басшылығы, сондай-ақ танымал шіркеу және қоғам қайраткерлері қатысып отыр. Олардың қатысуының арқасында форум аясындағы іс-шаралар нәтижелі ғана емес, мазмұнды әрі қызықты өтетініне кәміл сенемін.

Біздің жастар сьезі қайырымды жандардың қолдауынсыз жүзеге аспас еді. Форумды дайындау мен өткізуге белсене атсалысқаны үшін президенті В.М. Капсамун басқаратын «Eleos-Meirim» қоғамдық қорына шынайы ризашылығымды білдіремін.

Жастармен жүздесу мен үшін әрдайым ерекше маңызды оқиға. Біз мұнда жиналғандардың бәріміз – православие сеніміндегі, Мәсіхке иман келтірген бауырлар мен әпке-қарындастармыз. Сондықтан сіздерді қайта тәрбиелеудің, қандай да бір үндеу жасаудың немесе үгіттеудің қажеті жоқ; күнәнің зардаптары туралы түсіндіріп, ізгіліктің артықшылығын дәлелдеуге де уақыт жұмсаудың қажеті шамалы. Біз – ортақ сенім мен ортақ көзқарасты ұстанатын жандармыз.

Сондықтан бүгін сіздерге арнап айтылатын сөздерімді өсиет немесе ақыл айту ретінде емес, өмір жолымда жинақтаған тәжірибеммен және бәрімізге ортақ өзекті мәселелер жөніндегі ой-толғаныстарыммен шынайы бөлісу ниеті ретінде қабылдауларыңызды сұраймын. Иеміздің рақымымен маған жиырма жылға жуық уақыт бойы Жалпышіркеулік православие жастар қозғалысының төрағасы, кейіннен осы бағыттағы Синодалдық бөлімнің жетекшісі ретінде өскелең ұрпақпен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Сол жылдары біз ТМД елдерінен, жақын және алыс шетелдерден келген мыңдаған делегаттардың басын қосқан жалпышіркеулік және өңірлік жастар съездерін өткіздік. Бұл форумдардың құрметті қонағы сол кезде Смоленск және Калининград митрополиті болған, ал бүгінде Мәскеу және бүкіл Русьтің Қасиетті Патриархы Кирилл еді. Сол жылдары Сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімінің төрағасы ретінде ол Орыс Православие Шіркеуінің бүкіл канондық кеңістігінде жастар қызметін дамыту мен жандандырудың маңызын табанды түрде қолдап, Синодалдық бөлімнің қызметіне жан-жақты қолдау көрсетті. Алғашқы жастар съездерінің бірінде болашақ Патриархтың айтқан терең мағыналы сөздері жадымда мәңгі сақталды:

«Жастық шақта терең діндар болу – адамның ерекше рухани дарынға ие екендігінің белгісі. Дін – әлсіздердің немесе дәрменсіздігінен сенетіндердің ісі деген түсінік кең тарағанымен, бұл мүлде олай емес. Өйткені адамның өзімшіл “мен” -ін жеңіп, оны өмірінің шетіне ығыстырып, Құдайды өз өмірінің төріне қоюы үшін зор рухани қайрат қажет. Сондықтан діни өмір салтын саналы түрде таңдау – күшті рух иелерінің таңдауы».

Сіздер өздеріңіздің қатарластарыңыздың едәуір бөлігі шоқындырылған жандар бола тұра, тіпті өздерін православие сеніміндеміз деп санай отырып, неге әлі күнге дейін шіркеу өмірінен тыс қалып жүргені туралы ойланып көрдіңіздер ме? Әрине, бұған көптеген себептерді атауға болады. Бірақ менің ойымша, ең маңызды себептердің бірі мынада. Кейбір жастарды шіркеулік өмір салты көптеген қағидалар мен тәртіптерді сақтауды талап ететіндігімен үрейлендіреді. Енді мынадай жағдайды елестетіп көрейік. Бір жасөспірім футболмен айналысуды ұйғарды делік. Ол шеберлікті меңгеру үшін жаттықтырушыға барады. Ал жаттықтырушы ең алдымен оған ойынның қатаң ережелерін үйретеді: доппен қалай жұмыс істеу керек, алаңда қалай қозғалу керек, командадағы басқа ойыншылармен қалай әрекеттесу қажет. Бұдан кейін ұзақ жаттығулар, ауыр дене дайындығы, төзімділікті шыңдау, жаттықтырушыға бағыну, өз командасының мүшелері мен қарсыластарын құрметтеу секілді талаптар басталады. Сонда не болып шықты? Қызықты ойын емес, толған шектеулер мен талаптар ғана ма? Әрине, мұның бәрін орындамай-ақ, допты қалай болса солай тебе беруге болады. Бірақ оны футбол деуге бола ма? Әрине, болмайды. Шын мәнінде, өмірде ешбір маңызды мақсатқа ынта-жігерсіз, еңбекқорлықсыз және табандылықсыз ешбір маңызды мақсатқа жету мүмкін емес.  Бұл спортқа да, ғылымға да, кәсіпке де, отбасы бақытына да, бала тәрбиесіне де бірдей қатысты.

Барлық адам бақытты әрі табысты болуды қалайды. Алайда адам өзінің рухани және материалдық қажеттіліктерінің екеуін де үйлестіре білгенде ғана шынайы бақытқа жете алады. Ал бұл үшін белгілі бір қағидалар мен өмірлік ұстанымдарды сақтау қажет. Сол қағидалардың сақтаушысы әрі насихаттаушысы – Мәсіхтің Шіркеуі.

Құдайдың өсиеттері мен рухани қағидалар – біреудің өмірімізді қиындату үшін ойлап тапқан сыртқы тыйымдары емес. Олар – шынайы игіліктің қайда екенін көрсететін бағдарлар; еркімізді қай бағытқа бұру керектігін, уақытымызды, күш-қуатымызды және дарынымызды неге арнау қажеттігін айқындайтын рухани жолсілтеушілер. Шіркеу сақтап әрі уағыздайтын адамгершілік қағидалары толыққанды адам өмірін құрудың берік бағдары болып табылады. Олар бізді әлсіздерге жанашыр болуға, қолдағы билікпен немесе қабілетпен мақтанбауға, жақынымызды қорламауға, өтірік айтпауға, ар-ұяттан аттап оңай пайда табуға ұмтылмауға үйретеді.

Осының бәрі адамның игілікке бағытталған шығармашылық қызметі үшін кең мүмкіндік ашады. Адам бұл дүниені танып-білуге, оны көркейтуге және ондағы өмірді сақтауға шақырылған. Адамгершілік нормалары бізді өзара қарым-қатынастың жаңа үлгілерін қалыптастыруға, ынтымақтастық пен достықты нығайтуға, отбасы құрып, ұрпақ тәрбиелеуге жетелейді.

Құдайға деген сенім адамға бүкіл өмірінің ең басты бағдарын береді. Бейнелеп айтқанда, ол адамның қолына көрінетін де, көрінбейтін де әлемнің картасын ұстатып, оны жерден Көкке бастайтын жолдан өтуге қабілетті етеді. Осыны әрдайым жүректеріңізде сақтаңыздар және рухани өмірге енді ғана қадам басып, өз жолын іздеп жүрген достарыңыз бен таныстарыңызға да осы ақиқатты жеткізуге тырысыңыздар.

Ғибадатханаға тұрақты барып, қасиетті Құпияларға қатысып, рухани өмір сүруге және Құдайдың өсиеттерін орындауға ұмтылатын жас буын өкілі – шын мәнінде рухы берік, кемел тұлға. Дегенмен елші Павелдің мына ескерту сөздерін әрдайым жадымызда ұстайық: «Өзін нық тұрмын деп ойлаған адам құлап қалмауын қадағаласын» (1 Кор. 10:12); сондай-ақ: «Ендеше, қалай өмір сүріп жүргендеріңе мұқият қараңдар: ойланбай әрекет ететіндердей емес, даналардай өмір сүріңдер» (Еф. 5:15). Менің жасым жетпіске таяды, ал сіздердің жастарыңыз менен шамамен үш-төрт есе кіші. Менің жастық шағымда да қоғамдық өмір жеңіл болған жоқ. Әртүрлі қиындықтар мен сынақтар, соның ішінде рухани-адамгершілік сипаттағы мәселелер де кездесетін. Мәсіхтің Шіркеуі өзінің құтқарушылық қызметін әкімшілік қысым мен түрлі шектеулер жағдайында атқарды. Алайда сол кезде сенім мен сенімсіздіктің ара-жігі айқынырақ көрінетін, «ненің жақсы, ненің жаман екені» анығырақ ажыратылатын. Өмірдің ырғағы да өзгеше еді – байыптырақ, бірқалыптылау болатын. Ал қазіргі әлем әлдеқайда күрделі әрі қайшылыққа толы. Біз орасан зор ақпарат ағындары қалыптастырған жаңа шындықта өмір сүріп жатырмыз. Бұл қуатты ағындар адамның санасына да, жан дүниесіне де зор ықпал етеді. Олар адамды өз ағысымен ілестіріп әкетіп, оның даралығын, шынайы болмысын, рухани, мәдени және психологиялық болмысын бұзуы мүмкін. Ақпараттық соғыстар мен жоғары технологиялар дәуірінде адамдардың санасына ықпал етіп, оларды түрлі жолмен жетектеу бұрынғыдан да оңайға айналды. Теледидардың, интернеттің, шексіз аудио және бейнематериалдардың әсері бүгінде отбасының, мектептің және басқа да қоғамдық институттардың ықпалынан әлдеқайда күшейіп кетті. Соның салдарынан жас та, ересек те өз ойы мен тілегін сырттан таңылған пікірлер мен қалаулардан ажыратуда қиналады. Сондықтан ақпаратты іріктей білудің ішкі мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Әр адам өзіне белгілі бір рухани сүзгі орнатуы қажет. Ол қажетсіз мәліметтерді ғана алып тастап қоймай, адамға өзіне жеткен ақпараттың бәріне сындарлы әрі парасатты көзқараспен қарауға көмектесуі тиіс. Адамға келіп жатқан ақпаратты байыппен қабылдап, оны игілікке жаратып, жанға зиян келтіретіннің бәрінен бойын аулақ ұстауға мүмкіндік беретін ішкі өлшем қажет. Мұндай сүзгі – ғасырлар бойы Шіркеу тәжірибесімен шыңдалған адамгершілік үніміз, ар-ожданымыз.

Сонымен бірге бізге – әр буынға жататын сенушілерге – өзара қарым-қатынас кеңістігін қалыптастыру қажет. Біз кездесіп, пікір алмасып, бір-бірімізді рухани байытып, Қасиетті Жазба мен Қасиетті Дәстүр арқылы бізге жеткен ұлы рухани әрі зияткерлік мұраны бірге танып, бірге игеруіміз керек. Ендеше, даналық танытайық. Телефон экранына үңілгенде, планшетті ашқанда немесе компьютер алдына отырғанымызда, дәл қазір бүкіл шындықты білеміз деп ойламайық. Өкінішке қарай, біз көп жағдайда, әсіресе, оған өмірлік тұрғыдан аса мұқтаж болатын тұстарда ақиқатты көре алмаймыз. 

Интернетті және өзге де ақпарат көздерін қалай дұрыс пайдалану керектігі жөнінде кеңес ретінде Афонның ұлы әулиесі – қасиетті Паисий Святогорецтің белгілі     астарлы әңгімесін  еске салғым келеді. Қария былай деп әңгімелейтін: «Бір көгалда хош иісті лалагүлдер, гиацинт  пен  ирис гүлдері жайқалып өсіп тұрды. Сол гүлдердің нәрін жинау үшін аралар тынымсыз еңбек ететін. Бір күні сол жерге шыбын ұшып келді. Бұл көгалға алғаш рет келген кішкентай ара шыбыннан сыпайылықпен: “Ақ лалагүлдер қай жерде гүлдеп тұрғанын білмейсіз бе?” – деп сұрады. Шыбын оған: “Мен мұнда ешқандай лалагүл көрген жоқпын. Жалпы, бұл жерде гүл бар екенін де байқамадым. Бірақ ана жерде керемет батпаққа толы бір арық бар”, – деп жауап берді. Осы кезде олардың жанына жасы үлкендеу бір ара ұшып келді. Әңгіме не туралы екенін естіген соң, ол таңырқап: “Мен ешқандай арықты байқап көрмеппін. Бірақ саған лалагүлдің қай жерде өсетінін, иристің қайда гүлдейтінін, гиацинттің қай тұста жайқалып тұрғанын айтып бере аламын. Бұл жерде қандай әсем әрі жұпар иісті гүлдер көп!” – деді. Сонда Паисий әкей былай дейтін: “Көрдіңдер ме, бейшара шыбынның ойлайтыны – тек     лайға толған арықтар ғана. Ал ара лалагүлдің де, иристің де, гиацинттің де қай жерде өсетінін біледі. Адамдар да дәл осындай: біреулер ара сияқты барлық жерден жақсылықты көруге ұмтылады, ал енді біреулер шыбын сияқты қай жерде болса да тек жамандықты ғана іздейді”. Қария сөзін әрдайым мына сұрақпен аяқтайтын: «Ал сен кім болғың келеді – шыбын ба, әлде ара ма?»

Біздің форумымыздың негізгі тақырыптарының бірі – жасанды интеллекттің (ЖИ) адамның жеке өмірі мен қоғам өміріндегі рөлін талқылау. Адамзат цифрлық технологияларды барған сайын кеңінен игеріп келеді. Бұл үдеріс ғылым мен техникада, мәдениетте және күнделікті тұрмыста айқын көрініс табуда. Шіркеу ғылыми-техникалық прогрестің ықпалымен пайда болған жаңа құбылыстарға ғылыми тұрғыдан баға беруге міндетті емес әрі ондай міндет жүктелмеген. Алайда Інжіл іліміне сүйене отырып, оларға адамгершілік тұрғысынан баға беру – Шіркеудің тікелей міндеті. Жасанды интеллект технологияларының дамуы олардың артықшылықтары мен мүмкіндіктерімен қатар, бойындағы қауіп-қатерлер мен тәуекелдерді гуманитарлық, соның ішінде этикалық тұрғыдан зерделеу деңгейінен әлдеқайда озып кетті. Кез келген технологиялық дамуға қарсы шығып, адамзаттың ақырзаманының таяп қалғанынан қауіптендіретін адамдар да бар. Ал енді біреулер, керісінше, тек жасанды интеллектінің көмегімен ғана адамзат өркениеттік сын-қатерлерді еңсеріп, тіпті биологиялық өлместікке де қол жеткізе алады деп есептейді.Егер осы екі шеткі көзқарастан алшақтайтын болсақ, онда бұл мәселеге байыпты, сақтықпен әрі сонымен бірге өмір шындығына сай прагматикалық көзқарас қалыптастырудың қажеттілігі айқындала түседі.

Техникалық жаңалықтар – адамға Құдай дарытқан қабілеттер мен шығармашылық таланттардың жемісі. Олардың өзінде адамгершілік тұрғысынан оң немесе теріс сипат болмайды. Олар қоғамға пайда да, зиян да әкелуі мүмкін. Хирургтің қолындағы пышақ адам өмірін құтқарса, дәл сол пышақ қарақшының қолында мүлде басқа мақсатқа қызмет етуі мүмкін. Демек, салдарды ғылыми жетістіктердің өзі емес, олардың қалай қолданылатыны айқындайды. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар адамның өмірін жеңілдетуге қабілетті. Бірақ олар қылмыскерлердің қолына түссе, қорлау, тонау, тіпті адамды құртып жіберу құралына да айналуы мүмкін.

Құдайға деген сенім мен Інжілге сай өмір сүру – қазіргі өркениеттің сақталып қалуының басты шарттарының бірі. Діннен де, руханияттан да ажыраған қоғамның болашағы жоқ. Экономикасы қаншалықты дамыған, әлеуметтік жүйесі мен демократиялық институттары қаншалықты жетілген болса да, ондай қоғамның өміршең болуы мүмкін емес. Өйткені адамдардың қоғам болып өмір сүруі адамгершілік заңына негізделеді. Егер адамгершілік қоғам өмірінен жоғалса, онда қоғам адамдар қауымынан айырылып, жай ғана жануарлар үйіріне айналады.

Рухани кемелдікке жеткен адамның ғылыми-техникалық прогреске көзқарасын сипаттайтын көне бір тағылымды әңгіме бар. XX ғасырдың басында даналығымен елге танылған бір қария өмір сүріпті. Адамдар оған ақыл-кеңес сұрап келетін болған. Бір күні оған бір кісі келіп: — Ғылым мен техниканың жетістіктері дүниеге көп жамандық әкелді. Осы темір-терсектің бәрі бізге Құдай туралы, өмірдің мәні мен құндылығы туралы ойлауға кедергі келтіреді, — деп шағымданады.

Сонда қария: — Бұл дүниедегі барлық нәрсе адамға даналық үйрете алады. Тек Құдай жаратқан дүниелер ғана емес, адамның қолымен жасалған нәрселер де соған қызмет ете алады, — деп жауап береді.

— Ал пойыз бен теміржол бізге нені үйрете алады? – деп күмәндана сұрайды әлгі адам.

— Бір ғана сәттің кесірінен бәрінен айырылып қалуға болатынын.

— Ал телеграф ше?

— Әрбір айтылған сөз үшін жауап беруге тура келетінін.

— Ал телефон ше?

— Бұл жерде айтқан әрбір сөзіңнің Ана Жақта да естілетінін.

Осыны айтып, қария саусағымен көкті нұсқайды.

Сөзімді аяқтай келе, жүрегіме ауыр тиетін қазіргі қоғамда, әсіресе жастар арасында кең таралған тағы бір жағымсыз құбылысқа тоқталғым келеді. Бұл – виртуалды әлемге шектен тыс беріліп кету. Оның салдары – адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастың азаюы.

Көбіне мынадай көріністі байқаймыз: бір бөлмеде отырған жастардың әрқайсысы телефонына немесе планшетіне үңілген. Ешкім ешкіммен сөйлеспейді. Егер біреу сөз қатса, әлдекім: «Кедергі жасама!» – деп ренжіп жауап береді. Ол не істеп отыр? Әлеуметтік желіде біреумен сөйлесіп отыр. Бірақ шын мәнінде, тірі адаммен бетпе-бет қарым-қатынас жоқ. Ал виртуалды қарым-қатынас шынайы жүздесудің орнын басқанда не болады? Біз өміріміздегі аса маңызды нәрседен – тірі адаммен тікелей қарым-қатынас жасау тәжірибесінен айырылып қаламыз. Адамды ештеңе де бетпе-бет жүздескендей таныта алмайды. Біз адамның жанарын, жүзіндегі өзгерістерді, бет-әлпетінің сырын байқай білуді біртіндеп ұмытып барамыз. Әңгімелесушінің көңіл күйін де, жан дүниесін де бұрынғыдай сезіне алмайтын болдық. Ал адамның жанын, ойын, көңіл күйінің нәзік қырларын интернет арқылы толық түсіну мүмкін бе? Мен сіздерді әлеуметтік желілерден мүлде бас тартуға шақырмаймын. Бірақ бір нәрсені анық айтқым келеді: ешқашан смартфонның экраны сіздердің айналадағы әлемді де, бір-біріңізді де көруге мүмкіндік бермейтіндей дәрежеде өмірлеріңізді билеп алмауына жол бермеңіздер.

Христиандық өмірдің ең басты қағидаларының тағы бірін жиі еске алып жүріңіздер. Ол – қуана білуді және Құдайға шүкіршілік етуді үйрену. Православие – қуанышсыз немесе қайғы-қасіретке ғана негізделген дін емес. Ол адамның еркіндігін шектеп, өмір сүруіне кедергі келтіретін тыйымдар мен шектеулер жүйесі де емес. Керісінше, христиандық адамға зор рухани күш-қуат береді. Ол адам рухын азат етіп, оны күнделікті күйбең тіршіліктің тар шеңберінен жоғары көтереді және мәңгілікке бастайтын ұлы көкжиекті ашады. Құдайға шүкіршілік ету мен қуаныш күйі Иемізге деген толық сенімнен бастау алады. Сондықтан да Шіркеудің ең басты Қасиетті Құпиясы – Қасиетті Евхаристия – аударғанда «шүкіршілік» деген мағынаны білдіреді. Біз Мәсіхтің Біртұтас Денесі ретінде бір жерге жиналып, Жаратушыға және әлемді Өзінің қамқорлығымен басқарып тұрған Иемізге алғыс айтамыз. Өйткені Ол бізді осы өмір жолымен мәңгілік өмірге қол жеткізуімізге, Өзінің Құдайлық Патшалығының мұрагерлері болуымызға барынша жетелеп келеді.

Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін алғыс айтамын және форумның барлық қатысушыларына жемісті әрі табысты жұмыс тілеймін.

Баршаңызға, қымбаттыларым, Құдайдың мол батасын тілеймін!

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді