11 қаңтар 2026 жыл. Қостанай.
Қостанай епархиясына архипастырлық сапармен келген Астана және Қазақстан митрополиті Александр Қостанай жерінің тұңғыш архипастыры — мәңгі есте сақталатын епископ Тимонның (Русанов) рухына арнап лития дұғасын оқыды.
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысымен бірге дұғада болғандар: Қазақстан Православие Шіркеуінің хатшысы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Митрополиттік округі хорының регенті, Орыс шіркеулік әнін дамыту жөніндегі Патриарх кеңесінің мүшесі О.Н. Овчинников; Қостанай епархиясының хатшысы иеромонах Геннадий (Бурдюжа), митрополиттің жеке хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий), митрополиттің протокол қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин, протодиакон Владимир Сыровацкий, протодиакон Александр Мокий, диакон Георгий Ткаченко және Қостанай епархиясының клириктері.
Құдайлық қызмет соңында Құдайдың ұнамдысына «мәңгілік естелік» жария етіліп, одан кейін Оның Жоғары Қасиеттілігі ХХ ғасырда өңірде жарқырап көрінген Мәсіх үшін жапа шеккендер мен тақуалық жолындағы діндарлар туралы тарихи жадты сақтаудың маңыздылығы жайында уағызын айтты.
«Уақыттың өтуі бізді құдайсыз билік бүкіл ел көлемінде Православие Шіркеуін толық жою саясатын жүргізген зұлмат жылдардан алыстата түсуде. Қазіргі жас дін қызметкерлері мен сенушілер, бақытымызға орай, атеистік кезеңде Мәсіх сенімін ашық мойындауға бел буған жандар бастан кешкен ауыр қасіреттерді өз басынан өткерген жоқ. Алайда, Құдайға шүкір, Інжіл ақиқаты үшін жапа шеккендер туралы естелік тірі, олардың православие халқы арасындағы құрметі жылдан жылға артып келеді. Кім ойлаған, дәл ХХ ғасыр Шіркеу мен Отан үшін ең ауыр сынақтар мен қанқұйлы қуғын-сүргін дәуіріне айналады деп. Адамзат жауының барша өшпенділігі Құдай өсиеттерімен өмір сүруге тырысқан, Мәсіхтен бас тартпаған жандарға бағытталды. Дәл сол кезеңде Қазақстан жері сансыз көп православие христиандары — архипастырлар, пастырлар, монахтар мен сенушілер үшін жаңа Голгофаға айналды. Мұнда жаңа шейіттер мен діндарлардың қаны молынан төгілді, сондықтан да, марқұм Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Алексий II-нің сөзімен айтқанда, бұл өлке шын мәнінде “ашық аспан астына жайылған антиминске” айналды. Сол себепті Қазақстан сенім жолындағы жапа шеккендердің ерлігін қастерлейтін, Православиені сүйетін және Шіркеудің тарихи мұрасын бағалайтын әрбір жанға қымбат.
Епископ Қостанайлық Тимон (Русанов) сол ауыр заманда архипастырлық қызметтің айқышын көтеріп, сенім мен тақуалықтың тіректерінің біріне айналды, құдайсыздық пен жікшілдікке қарсы күрескер, Құдай ақиқатының қорықпас уағыздаушысы, сенімсіздікті әшкерелеуші болды. Мәңгі есте сақталатын архипастырдың бейнесіне үңіле отырып, оның өмір жолын, іс-әрекеттерін, мінез-құлқын зерделей келе, біз оның тұлғасынан көрінетін рухани әлемнің тозбас сұлулығынан шабыт аламыз және иерарх ие болған Құдаймен рухани қауышу қуанышына жақындауға ұмтыламыз. “Әділ жанды нұрландырған Құдай сүйіспеншілігі одан таралып, рухани кемелдікке жетпеген басқа адамдарға да көріне алады”, — дейді діни философ, священник Павел Флоренский.
Бүгінгі күні, қақтығыстар мен қайшылықтар күшейіп, өшпенділік пен зұлымдық көбейген заманда, бәріміз үшін тақуа әрі батыл ата-бабаларымыздың үлгісінен қуат алып, бейбітшілік орнатушы болу, мейірім мен сүйіспеншілік, жанашырлық пен рақымдылық таныту, Жол, Ақиқат және Өмір болып табылатын Мәсіх туралы куәлік ету (Ин. 14:6) ерекше маңызды». Епископ Тимонды (Русанов) еске алу кезінде митрополит Александрдың айтқан сөзінен.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр