18 қаңтар 2026 жыл - Қүдай Иеміздің Богоявление мерекесінің қарсаңы (Крещенский сочельник); Мәсіх үшін Талғар қаласында азап шегуші Иосиф Беспалов пен онымен бірге 37 азап шеккендер (1921), сондай-ақ Алматыда өлтірілген Евгения Доможированы (1933) еске алу күні.
Астана және Қазақстан митрополиті Александр Алматылағы Вознесенский кафедралды соборында мерекелік құлшылық – Құдайлық Литургияны және суды ұлы қасиеттеу рәсімін атқарды.
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысына қызмет еткендер:
Алматы епархиясының рухани тәлімгері архимандрит Иоанн (Сазонов), Алматы рухани семинариясының ректоры, Митрополиттік округтің ақпараттық-баспа бөлімінің жетекшісі протоиерей Евгений Иванов, Патриархтық комиссияның дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі мүшесі игумен Филипп (Моисеев),митрополиттің жеке хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий), Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; протодиакон Николай Гринкевич, митрополит протокол қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин, протодиакон Владимир Сыровацкий, иеродиакон Софония (Мазуренко), диакон Виталий Быструшкин, диакон Александр Пивень, диакон Иоанн Жучков, диакон Георгий Ткаченко, диакон Даниил Пасюк.
Құлшылық әндерін Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Патриархтық шіркеулік-қоғамдық кеңестің шіркеу әнін дамыту жөніндегі мүшесі О.Н. Овчинников басқарған Митрополиттік округ хоры және Е. Богуславец басқарған Вознесенский соборының хоры орындады.
Богоявление қарсаңындағы Апостол мен Інжілді оқу арқылы Шіркеу Құдай Иеміздің Шомылдыру рәсімін жасаушы әрі жаршысы Иоанн туралы жариялайды – ол Мәсіхтің мәңгілік әрі Құдайлық ұлылығына куә болып, тәубеге келуге шақырған.
Қасиетті өлеңнен кейінгі уағызды Алматы рухани семинариясының гомилетика пәнінің оқытушысы иерей Георгий Сидоров оқыды.
Литургия барысында «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамун дұға жасады.
Литургия соңында митрополит Александр дін қызметкерлерімен бірге суды ұлы қасиеттеу рәсімін өткізді.
Храм мен дұғада тұрғандарды ұлы агиасмамен (богоявлениелік қасиетті сумен) себелегеннен кейін, дін қызметкерлері мен хор Мәсіх ілімінің нұрын, Богоявление арқылы берілетін Құдайлық ағартуды бейнелейтін шырақтар алдында, Крещение белгішесінің жанында мерекенің тропары мен кондағын орындады.
Қызмет аяқталған соң Митрополиттік округтің Басшысы дін қызметкерлері мен сенушілерді Богоявление мерекесінің қарсаңымен құттықтап, жиналған қауымға тағылымды сөзін сөйледі.
Митрополит протокол қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головинді туған күнімен құттықтап, құлшылықтық просфораны табыстап, атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, Қасиетті Шіркеуге одан әрі қызметінде Құдайдың рақымын тіледі.
«Бүгін шіркеулік күнтізбедегі ерекше күн – Богоявление мерекесінің қарсаңы. Бұл – Иеміз Иса Мәсіхтің Иордан өзенінде шомылу арқылы біздің құтқарылуымыз үшін болған ұлы салтанаттың табалдырығы. Бүгін – қатаң пост күні, сонымен қатар рухани қуаныштың басталуы: гимндерде, тропарлар мен стихираларда Құтқарушының адамзатқа келуі туралы ізгі хабар естіледі. Иса пайғамбардың сөзі орындалды: қараңғылықта жүрген халық ұлы нұрды көрді, өлім көлеңкесі елінде отырғандарға нұр шашты (Ис. 9:2). Бүгін Алғы жаршы Иоаннның тәубеге шақыруымен біз күнәларымыз үшін қайғырып, Құдайдан әлсіздіктеріміздің шипасын, қателіктеріміздің кешірілуін және өміріміздің Інжіл өсиеттеріне сай түзетілуін сұраймыз, әрі Мәсіхтің келуі арқылы әлемді молынан толтырған рақымға қуанамыз. Қасиетті Шіркеу бізді “суларға келуге”, “құтқарылу қайнарларынан” рақым алуға шақырады (Ис. 55:1; 12:3). Бүгін Құдайдың мейірімімен біз тағы да ұлы құлшылықтың – су жаратылысының қасиеттелуінің куәгері болдық. Құдай Ұлының тән алуы, Өмір Сыйлаушы Мәсіхтің көрінуі арқылы бізге Көктегі Әкенің теңдессіз рақымы сый етілді. Әрбір христиан Жаратушыны ақылымен ғана емес, жүрегімен, еркімен қабылдап, Құдаймен шынайы түрде біріге алады, Құдайлық күшке құпия түрде ортақтасады. Құтқарушының ерлігі, адамзатқа төмен түсуі, Тууы, Өлімі мен Қайта тірілуі арқылы бізге жоғарыдан берілген ұлы сый – Құдайлық рақым айқындалды. Бұл – күнәдан арылтатын, адам табиғатының кемелсіздігін жеңетін, жан мен тән ауруларын емдейтін, адамды інжілдік биіктікке көтеріп, әлемді жаңғыртатын Тәңірдің тірі әрі әсерлі күші. Апостолдық дәуірден бастау алатын көне дәстүр бойынша Богоявление күні суды ұлы қасиеттеу жасалады. Тіршілік беруші Үштікке үндеу, Қасиетті Жазбаны оқу, ерекше дұғалар мен престол крестін суға батыру арқылы су қасиеттеліп, өз табиғатын өзгертпей-ақ Құдайлық күшке толып, ұлы агиасмаға – ұлы қасиеттілікке айналады. Рухани мазмұны терең бұл қызмет пен бізге берілген ұлы агиасма бізді жердегіден Көктегіге, өткіншіден мәңгілікке жетелеп, Құдайдың рақымымен Өзінің сенуші халқымен бірге екенін, барша жаратылысты тазалап, жаңартатынын нық сеніммен ұқтырады». Митрополит Александрдың уағызынан.
Митрополит Александр мен католик архиепископы Томаш Пэта Қазақстандағы христианаралық және діндераралық диалог мәселелерін талқылады
Толығырақ
Астана және Алматы епархиясының Шіркеу сотының төрағасының ақпараттық хабарламасы
Толығырақ
Митрополиттік округтің Басшысы Қазақстан жерінде даңққа бөленген Бүкіл әулиелер құрметіне салынып жатқан ғибадатхана кешенінің құрылыс алаңында болды
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр