24 наурыз 2026 жыл. Алматы.
Қазақстан Митрополиттік округінің митрополит Иосиф (Чернов) атындағы рухани-мәдени орталығының камин залында балалар мен жасөспірімдерге арналған V Халықаралық шіркеу әні олимпиадасының лауреаттарын марапаттау өтті.
Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен Оңтүстік астанадағы Вознесенский кафедралды соборы мен Покров храмының балалар хорлары шығармашылық байқауға қатысып, оның қорытындысы бойынша жүлдегер атанды. Бүкілресейлік патриарх Тихон әулиенің дүние салуының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл іс-шара 2025 жылғы 15 қарашадан 31 желтоқсанға дейін Мәскеу Синодтық хоры Балалар бөлімінің бастамасымен және Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы жанындағы шіркеу әнін дамыту жөніндегі шіркеу-қоғамдық кеңестің қолдауымен өткізілді.
Лауреаттарды марапаттау рәсімін митрополит Александр басқарды.
Іс-шараға қатысқандар: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Патриарх кеңесінің мүшесі, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; «Светлица» жастар ағартушылық-білім беру жобасының жетекшісі протоиерей Александр Иевлев; митрополиттің жеке хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий); митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин; Алматы епархиялық басқармасының қызметкерлері, шіркеу жанындағы жексенбілік мектептердің ұстаздары мен тәрбиеленушілері, оқушылардың ата-аналары.
Салтанатты рәсім басталар алдында Митрополиттік округтің Басшысы қатысушыларға құттықтау сөзін сөйледі:
«Христиандық өнер әрдайым мәңгілік құндылықтар туралы баяндайды, ал шіркеу музыкасы — соның айрықша көрінісі. Православие ән айтуының тілі бәріне — жасқа да, үлкенге де, зиялыларға да, қарапайым жандарға да, терең сенетіндерге де, Құдайға апарар жолды әлі іздеп жүргендерге де түсінікті. Ән айту арқылы адам Жаратушыны мадақтап, Оған алғыс білдіреді, Жаратқаннан көмек пен қамқорлық сұрайды. Шіркеу музыкасы жанның нәзік қылдарын тербеп, оны тазартуға, нұрландыруға және жоғары рухани әлемге жақындауға көмектеседі. Әрқайсымыз бақыт үшін жаратылғанбыз, ал шіркеулік музыкалық өнер соған апарар жолды ашады, адамды толыққанды өмірге бағыттайды, осы дүниедегі орнын ұғынуға, Құдаймен және жақындарымен дұрыс қарым-қатынас орнатуға үйретеді. Храмдағы клироста ән айту — қуанышқа толы болғанымен, оңай іс емес. Бір немесе екі сағат, кейде одан да көп уақыт бойы тік тұрып, құлшылық барысын, мәтінді, ноталарды және регенттің белгілерін мұқият бақылап, әр сөздің мәніне терең үңіліп ән айту — тіпті ересектер үшін де оңай емес. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз және ұстаздарыңыз бен жетекшілеріңіздің еңбегі ерекше құрмет пен алғысқа лайық. Баршаңызға зор денсаулық, көтеріңкі көңіл күй және шығармашылық табыс тілеймін», — деді митрополит.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған V Халықаралық шіркеу әні олимпиадасының жеңімпаздары атанғандар:
Балалар тобы
I дәрежелі лауреаттар:
Булавкина София, Головина Дарья, Богуславец Андрей — Алматы қаласындағы Вознесенский кафедралды соборы жанындағы «Цевница» мектебінің тәрбиеленушілері;
Хайруллина Ангелина, Каравай Ева — Оңтүстік астанадағы апостол және евангелист Иоанн Богослов храмының жексенбілік мектебінің оқушылары.
Жасөспірімдер тобы
I дәрежелі лауреаттар:
Плотникова Арина, Быкова София, Кулмаханова Нелли, Шепель Анастасия — «Цевница» мектебінің тәрбиеленушілері;
Артемьева Маргарита, Мисливцева Милана, Мищенко Аполлинария — Иоанн Богослов храмы жанындағы жексенбілік мектептің оқушылары;
II дәрежелі лауреат:
Холденко София — Алматы қаласындағы апостол Иоанн Богослов храмының жексенбілік мектебінің тәрбиеленушісі.
Алғыс хаттармен протоиерей Александр Иевлев, балалар хорының регенті Н.О. Головина, жексенбілік мектептің оқытушысы И.В. Быкова және Иоанн Богослов храмы жанындағы балалар хорының жетекшісі О. Картаузова марапатталды.
Жас жүлдегерлер архипастырдың қолынан Мәскеу Синодтық хоры Балалар бөлімінің грамоталарын және естелік сыйлықтар алды.
Марапатталғандардың атынан Қазақстандағы Православие Шіркеуінің Басшысына алғыс сөзді «Светлица» жобасының жетекшісі протоиерей Александр Иевлев жеткізді.
Іс-шара соңында Жоғары мәртебелі митрополит балаларға денсаулық, тілалғыштық және оқуда табыс тілеп, жиналғандарға архипастырлық батасын берді.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр