ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Рухани ағарту
02.05.2026, 15:00

Оңтүстік астанада «Шығыс пен Батыстағы дін философиясы» атты IV Халықаралық конференция өз жұмысын аяқтады

Оңтүстік астанада «Шығыс пен Батыстағы дін философиясы» атты IV Халықаралық конференция өз жұмысын аяқтады

2026 жылғы 28 сәуір – 2 мамыр аралығында Алматы қаласында Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен «Шығыс пен Батыстағы дін философиясы» атты IV Халықаралық конференциясы өтті.

Форумның ұйымдастырушылары: Алматы православие рухани семинариясы мен Краковтағы Папа Иоанн Павел II атындағы университеті (Польша).

Іс-шара «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының қолдауымен өтті (президенті – В.М. Капсамун).

Конференцияға теологиялық және зайырлы гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетекші мамандар – Қазақстан, Ресей, Польша, Италия, Ұлыбритания, АҚШ, Швейцария, Өзбекстан және Қырғызстанның жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Ғылыми форум жұмысының алғашқы күні конференцияның ашылу рәсімі өтті. Құттықтау сөздерден кейін пленарлық отырыс Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың «Түркістанның алғашқы архипастыры, архиепископ Софоний (Сокольский) (1872–1877) – Таяу Шығыс христиандарының діни тұрмысын зерттеуші» тақырыбындағы баяндамасымен басталды. Баяндаманы Қаскелең епископы Геннадий оқыды. Одан кейін Орыс Православие Шіркеуінің Синодтық библиялық-богословиялық комиссиясы хатшылығының ғылыми қызметкері А.И. Кырлежев «Постсекулярлықпен не істеу керек?» атты баяндамасын ұсынды.

28–30 сәуір аралығында конференция жұмысы үш секция аясында жалғасты:

— «Шығыс пен Батыстағы дін тілдері және діни тәжірибе формалары»;

— «Дін философиясы және постсекулярлық дискурстар: тәжірибе, сын, интерпретациялар»;

— «XIX–XX ғасырлардағы Ресейдегі дін философиясы және діни-философиялық ой».

Ғылыми форум барысында жалпы саны 64 баяндама жасалды.

1 мамыр, жұма күні, Қазақстан Митрополиттік округінің митрополит Иосиф (Чернов) атындағы рухани-мәдени және әкімшілік орталығында Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың ғылыми форум делегаттарымен кездесуі өтті. Кездесуден кейін мәртебелі қонақтар Алматы және Қазақстан митрополиті, сенім мен тақуалықтың үлгісі Иосифке (Чернов) арналған үй-музейін тамашалады. Экскурсияны Алматы семинариясының тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, иерей Иоанн Ливинский жүргізді. Экскурсия соңында қатысушылар музейдің құрметті қонақтар кітабына пікірлері мен ізгі тілектерін жазды. Күннің екінші жартысында конференция қатысушыларының ғылыми басылымдарының тұсаукесері өтті.

2 мамыр күні митрополит Иосиф (Чернов) атындағы рухани-мәдени және әкімшілік орталықтың тақ залында конференция қорытындылары шығарылды. Рухани оқу орнының ректоры, протоиерей Евгений Иванов ғалымдарға мазмұнды баяндамалары мен пікірталастары үшін алғысын айтып, алдағы уақытта нәтижелі ынтымақтастық жалғасатынына үміт білдірді. Қатысушылар конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, қатысушылар құрамының беделді екенін және жұмыс барысының жағымды әрі конструктивті өткенін атап өтті.

Форум жұмысының соңында жиналғандар 2027 жылы Бішкекте өтеді деп жоспарланған келесі конференцияның тұжырымдамасын талқылады.

Оқиғаға орай естелік ретінде жалпы суретке түсірілді.

Конференцияның жабылу рәсімінің ресми бөлігінен кейін қонақтар үшін Оңтүстік астананың көрікті жерлері мен Алматы епархиясының қасиетті орындарына экскурсия ұйымдастырылды.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді