Мәртебелі архипастырьлар!
Ардақты әкелер, бауырлар мен әпке-қарындастар!
МӘСІХ ТІРІЛДІ!
Бүгін біз Қазақстанның рухани, мәдени және зияткерлік өміріндегі ерекше оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қасиетті Мәсіхтің Қайта тірілуі мерекесіне орай ауқымды жоба жүзеге асырылып, Қазақстандағы Православие тарихында алғаш рет Православие Шіркеуінің басты литургиялық кітаптарының бірі – «Қызметтік кітаптың» қазіргі әдеби қазақ тіліне аудармасы жарық көрді. Басылымға жыл бойының көпшілік күндерінде оқылатын әулие Иоанн Златоуст Литургиясының рәсімі енгізілген.
Шіркеу ілімі бойынша Құдайлық Литургия мен онда атқарылатын қасиетті Евхаристия Таинствосы бүкіл рухани өмірдің өзегі болып табылады. Православие Шіркеуінің барлық Таинстволары мен маңызды қасиетті рәсімдері тарихи тұрғыдан не Құдайлық Литургияның құрамына енген, не онымен тығыз байланысты болған. Осы ретте Кронштадттық әділ Иоаннның мына сөздерін келтіргім келеді: «Құрмет пен ықыласпен атқарылған Литургияның пайдасы тек бүкіл Православие Шіркеуі үшін ғана емес, бүкіл әлем, барлық сенімдер мен дін өкілдері үшін өлшеусіз».
Біздің еліміз – Қазақстан Республикасында дәстүрлі діндер, ең алдымен ханафи бағытындағы Ислам мен Православие христиандығы, ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың маңызды факторы, тарихи жадыны, халық мәдениетін, имандылық пен мәңгілік адамгершілік құндылықтарды сақтап, нығайтудың қайнар көздерінің бірі болып табылады. Қазақстан Президенті, аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Православие әрдайым қоғамымыздағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға, өзара түсіністік пен сенім ахуалын нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Діндер, дәстүрлер мен мәдениеттердің алуандығы – біздің мемлекеттілігіміздің берік негізі».
Бүгін сіздерге көптеген айлар бойы жүзеге асырылған күрделі әрі мұқият еңбектің нәтижесі ұсынылып отыр. Халықтың мәдениетіне, оның дәстүрлі құндылықтарына, Құдай, әлем және адам туралы түсініктеріне сүйенбей сапалы аударма жасау мүмкін емес. Қазақ тілі – әлемдегі ең бай әрі көркем тілдердің бірі – қазақ халқының ежелгі әрі көпқырлы мәдениетінің асыл қазынасы болып табылады. Ұсынылып отырған қасиетті мәтіндердің жаңа аудармасын қазақ мәдениеті мен қазақ тілінің шіркеулік және зайырлы өкілдері қазіргі лингвистикалық нормалар мен ережелерді ескере отырып орындады. Мамандар құлшылық мәтіндерінің көркемдігін, байлығын, рухын, мағынасын және стилін жеткізу үшін тілдік құралдардың барлық мүмкіндігін пайдаланды. Бүгін таныстырылып отырған кітап – ұлан-ғайыр жұмыстың бастамасы ғана екенін ерекше атап өткім келеді. Құдайдың жәрдемімен, жанашыр жандардың қолдауымен, лингвистердің, филологтар мен богословтардың еңбегі арқылы өзге де құлшылық кітаптарының аудармасын жалғастырып, аяқтаймыз деп үміттенемін.
«Қызметтік кітаптың» қазақ тілінде жарық көруі танымдық әрі тарихи-мәдени тұрғыдан зор маңызға ие. Бұл аударманың пайда болуы дін қызметкерлеріне литургиялық үндеулер мен дұғаларды қазақ тілінде айтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, көптеген адамдарға адамзаттың ұлы әдеби ескерткіштерінің бірімен туған тілінде танысуға жол ашады. Бұл мұра көптеген өркениеттердің руханияты мен мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына зор ықпал етті. «Қызметтік кітаптың» аудармасы қазақ тілін үйренуге және тереңірек түсінуге қосымша ынталандыру болып табылады және, сөзсіз, көпконфессиялы әрі көпұлтты Қазақстанның – ортақ үйіміздің рухани әрі зияткерлік дамуына қосылған маңызды үлес.
Бүгінгі маңызды оқиға «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті Валерий Михайлович Капсамун бастаған ұжымның қолдауының арқасында жүзеге асты. Сондай-ақ иерей Елисей Кукеев бастаған аудармашыларға, жобаның бастамашылары мен үйлестірушілерінің бірі болған Қазақстан Митрополиттік округінің Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі протоиерей Александр Суворовқа, Алматы православие рухани семинариясының басшылығы мен ғылыми қызметкерлеріне алғыс білдіреміз.
Баршаңызды бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтай отырып, тағы да Пасханың баршаға қуаныш сыйлайтын сәлемін жолдаймын:
МӘСІХ ТІРІЛДІ! – РАСЫМЕН ТІРІЛДІ!
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр