ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу және мемлекет
20.12.2025, 15:00

Митрополит Александр Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілдерін шіркеулік наградалармен марапаттады

Митрополит Александр Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілдерін шіркеулік наградалармен марапаттады

20 желтоқсан 2025 жыл. Астана.

Апостолдарға тең Кирилл мен Мефодий атындағы Қазақстан Митрополиттік округінің рухани-мәдени және әкімшілік орталығының камин залында Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Сенат Төрағасының орынбасары Ж.Қ. Асанов бастаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының делегациясымен кездесуі өтті.

Қонақтар қатарында болғандар: Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы А.И. Лукин; Сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Н.Қ. Бекназаров; Сенаттың халықаралық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі Н.Ж. Алмашов; Сенат Аппаратының басшысы М.А. Споткай; халықаралық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің секторы меңгерушісі С.М. Қуандыков және Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері А.Н. Қуанышбек.

Кездесуге сондай-ақ Астана приходтарының құрметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев) мен митрополиттің жеке хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий) қатысты.

Сәлемдесуден кейін митрополит Александр сұхбаттастарына Қазақстан Православие Шіркеуінің өмірі туралы баяндап, елдегі мемлекетаралық және дінаралық қатынастар тақырыбына, сондай-ақ Православие Шіркеуінің ханафи мазхабындағы Исламмен жүргізіп отырған диалогына арнайы тоқталды. Қазақстан Митрополиттік округінің өкілі Мемлекет басшысы Қ.Ж.-К. Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың нәтижесінде қалыптасқан конфессияаралық бейбітшілік пен ұлтаралық келісім бүгінде Қазақстанның айрықша белгісіне айналғанын атап өтті. Тараптардың ортақ пікірінше, ұлттық немесе діни негіздегі қақтығыстар күшейіп отырған қазіргі күрделі кезеңде Қазақстан әртүрлі халықтар мен дін өкілдері қатар өмір сүретін өңірлер үшін тату көршілік пен бауырмалдықтың үлгісін көрсетіп отыр.

Әңгіменің басты тақырыбы Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Қасиетті Кирилл негізгі қатысушылардың бірі ретінде қатысқан биылғы қыркүйек айында Қазақстан астанасында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі жайлы болды. Орыс Православие Шіркеуінің Жоғары Басшысы өзінің алғыс хатында дінаралық форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның нәтижелеріне жоғары бағасын берді:

«Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі әлемнің жетекші діни қауымдастықтары өкілдерінің ынтымақтастығын және халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге ұмтылысын айқын көрсетті. Көрсетілген жылы қабылдау Қазақстан халқының қонақжайлығы мен қонақтарға деген дәстүрлі құрметін айғақтады. Мемлекеттік билік пен діни қауымдастықтардың сындарлы өзара іс-қимылы алдағы уақытта да замандастарымыздың рухани өсуіне және елдің өркендеуіне қызмет ететініне сенімдімін».

Кездесу барысында митрополит Александр Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты делегациясының өкілдерін шіркеулік наградалармен марапаттады. Мемлекеттік–шіркеулік қатынастарды дамытуға қосқан үлесі және қоғамдағы дәстүрлі рухани-адамгершілік әрі мәдени құндылықтарды нығайту жолындағы еңбегі үшін:

  • Ж.Қ. Асанов, Н.К. Бекназаров, Н.Ж. Алмашов және  С.М. Қуандықов –  «Еңбек Даңқы» (За труды) орденімен;
  • А.И. Лукин –  «Ынталы Қызмет Үшiн» (За усердное служение) орденімен;
  • М.А. Споткай –  «Қазақстан Православие Шіркеуіне сіңірген еңбегі үшін» орденімен;
  • А.Н. Қуанышбек –  «Еңбек Даңқы» (За труды) медалімен марапатталды.
Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді