Құрметті Олег Николаевич!
Қадірлі хорлар соборының ұйымдастырушылары мен қатысушылары!
Қымбатты бауырлар мен әпке-қарындастар!
МӘСІХ ТІРІЛДІ!
Қазақстанның Оңтүстік астанасы — Алматы қаласына Мәсіхтің Қасиетті Қайта Тірілуіне арналған үлкен музыкалық мерекеге қатысу үшін жиналған регенттер мен әншілерді шын жүректен құттықтаймын. Құтқарушының Пасхасы — бүкіл Шіркеу өмірінде де, әрбір православиелік христианның тағдырында да айрықша орын алатын ұлы мейрам. Себебі Мәсіхтің Қайта Тірілуі — біздің сеніміміздің іргетасы әрі Құдайдың адамзатқа деген шексіз сүйіспеншілігінің айқын куәсі.
Бүгінде елдер мен халықтар күрделі сынақтарды бастан кешіріп жатқан шақта, өнер бұрынғыдан да көбірек адамдарға жігер беріп, олардың рухын нығайтуға шақырылған. Осы пасхалық күндерде шіркеу қоңырауларының сыңғыры мен хор ұжымдарының әндері жұртшылыққа қуаныш сыйлап, адам жүректерін жарық пен үмітке толтырып, игі істерге шабыттандырсын.
Шіркеулік ән өнерінің тарихы христиандық тарихымен тығыз байланысты. Оның бастауы көне Көне Өсиет дәуірлеріне барып тіреледі. «Рухқа толыңдар; өзара забурлармен, мадақтаулармен және рухани әндермен тәлім беріп, жүректеріңде Жаратқан Иені мадақтап ән салыңдар» (Еф. 5:18–19), — деп үйретеді қасиетті апостол Павел, құлшылық әнін рухани кемелденудің пәрменді құралы ретінде көрсетіп.
Ежелгі дәуірдің ұлы әулие әкесі — қасиетті Иероним Стридонский (†420): «Құдайға дауыспен емес, жүрекпен ән айту керек», — дейді. Рухани музыка өзінің болмысы арқылы адамды жердегі тіршіліктің шегінен биікке көтеріп, Көктегі әлеммен табыстырады. Ол — адамға Жаратушымен қауышудың және рухани өрлеудің жолы ретінде берілген Құдайдың сыйы. Сондықтан ғибадатханадағы ән айту өзінің мәні жағынан шіркеулік, ал табиғаты жағынан көктік болуы тиіс. Ол пішінімен де, мазмұнымен де періштелердің көктегі мадақтауына ұқсауға шақырылған.
Бұл фестивальдің өтуі — Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің батасымен Орыс шіркеулік ән өнерін дамыту жөніндегі Шіркеу-қоғамдық кеңес жүзеге асырып жатқан үлкен шығармашылық әрі жасампаз еңбектің бір бөлігі. Оның Қасиеттілігі былай деп атап көрсетеді: «Шынында да, ғибадатханадағы ән айту — литургиялық, ағартушылық және мәдени маңызы бар қазіргі шіркеу миссиясының маңызды әрі әсерлі түрлерінің бірі».
Бүгін ашылып отырған хорлар соборы Қазақстан Митрополиттік округінің өміріндегі маңызды мәдени оқиғаға айналып қана қоймай, православиелік музыкалық өнер саласында еңбек етіп жүрген жандарға тәжірибе алмасуға, тәжірибелік және теориялық мәселелерді кәсіби деңгейде талқылауға, құдайтану ғылымдары мен православиелік құлшылық дәстүрлері саласында жаңа дүниелер ашуға тамаша мүмкіндік сыйлайтынына сенімдімін.
Ғибадаттың сұлулығы мен рухани тереңдігін ашатын ән өнерінің зор рухани-ағартушылық күшке ие екенін әрдайым есте ұстауға тиіспіз. Шіркеулік музыка — біздің баға жетпес қазынамыз. Оны сақтау да, дамыту да — ортақ міндетіміз. Сондықтан регенттер мен әншілердің қызметі аса жоғары әрі жауапты қызмет болып табылады және ол архипастырьлар мен дін қызметкерлерінің, белсенді прихожандардың, ғылыми және шығармашылық қауымның жан-жақты қолдауына мұқтаж.
Фестивальдің өтуіне қайырымдылық қолдау көрсетіп отырған, президенті В. М. Капсамун ханым басқаратын «Eleos-Meirim» қоғамдық қорына ерекше алғысымды білдіргім келеді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Православиеге деген сүйіспеншіліктеріңіз бен өз қызметтеріңізге адалдықтарыңыз үшін сіздерге шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Екі мың жыл бойы шіркеулік ән айту дұға сөздері мен әуенді біріктіре отырып, өз игілікті күшімен адам жанына әсер етіп келеді: жанды жерлік күйбеңнен жоғары көтереді, рухани жараларды емдейді, қайғыны жеңілдетеді және адамға Көктегі Патшалықтың сұлулығын сезінуге көмектеседі.
Сіздердің қызметтеріңіз алдағы уақытта да шабытқа, сүйіспеншілікке және өздеріңіз шақырылған қасиетті іске деген шығармашылық жанашырлыққа толы болсын.
РАСЫНДА МӘСІХ ТІРІЛДІ!
Қайта Тірілген Құтқарушының батасы баршаңызбен бірге болғай.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр