2026 жылғы 8 қыркүйек – Владимир және Псков-Печерсктегң Құдай Анасының «Елжіреу» иконаларын ұлықтау күні, қасиетті азап шегушілер Адриан мен Наталияны еске алу күні және Қазақстанның көктегі қамқоршысы, Алматы митрополиті, діндар Николайдың (Могилевский) қасиетті жәдігерлерінің табылғанын еске алу күні.
2000 жылы дәл осы күні Астана және Алматы архиепископы Алексийдің (қазіргі Тульск және Ефремовск митрополиті) батасымен әулие әрі діндар Николайдың (Могилевский) қасиетті жәдігерлері қалалық зираттан табылып, Алматы қаласындағы Никольский соборына жеткізілді. Қасиетті жәдігерлер бүгінгі күнге дейін осы собордың оңтүстік бүйір бөлігінде сақтаулы. Аталған храм 1946 жылы митрополит Николайдың еңбегімен діндарларға қайтарылып, қайта жаңғыртылды.
Астана және Қазақстан митрополиті Александр Мәскеу қаласындағы Патриархтық аумақта орналасқан, Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие Шіркеуі Митрополиттік округі Өкілдігінің қасиетті азап шегушілер Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы Софияның құрметіне арналған храмында мерекелік Құдайлық Литургияны өткізді.
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысына қызмет еткендер: архимандрит Геронтий (Борисевич); Астана приходтарының құрметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев); Алматы рухани семинариясының проректоры, теология ғылымдарының кандидаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор, игумен Агафангел (Гагуа); қасиетті азап шегушілер Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы Софияның құрметіне арналған храмнвң кілтшісі иеромонах Антоний (Дробязко) және Өкілдік дін қызметкерлері.
Құлшылық кезінде дұға еткендер: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары хатшылығы басшысының орынбасары Н.В. Паршикова; Өкілдік қызметкерлері мен храм жамағаты.
Құлшылық кезіндегі діни әндерді Анна Рожнова жетекшілік ететін храм хоры орындады.
Литургия кезінде дін үшін азап шегіп, сенімін сақтаған митрополит Иосифтің (Чернов), митрополит Николайдың (Могилевский) серігі әрі рухани шәкірті архимандрит Исаакияның (Виноградов), сондай-ақ «құдайсыздардың қатал қуғын-сүргіні кезінде азап шегіп, өлтірілген, аштықтан, суықтан, жарақаттардан, аурулардан және ауыр еңбек салдарынан дүние салған» православ христиандардың рухына тыныштық тіленіп дұға жасалды.
Литургия аяқталғаннан кейін Митрополиттік округ басшысы дін қызметкерлері мен діндарларды Алматы митрополиті Николайдың қасиетті жәдігерлерінің табылған күнімен құттықтап, жиналған қауым алдында ХХ ғасырдың көрнекті иерархының аскеттік өмірі, Христос есімі үшін сенімін мойындаудағы ерлігі және апостолдық еңбегі туралы уағызвн айтты.
Митрополит Николайдың (Могилевский) өмір жолы, сенімі үшін көрген азаптары және архиерейлік қызметі туралы Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың «Оның дін үшін жасаған ерлігі бізге дүниеде Құдайдың құдіретін жеңе алатын ешбір күш жоқ екенін үйретеді» атты мақаласынан толығырақ білуге болады.
«Оның епископтық қызметі Христос шіркеуі үшін революциядан кейінгі ауыр жылдары басталды. Николай әулие дін үшін азап шеккен жылдары шіркеу ішіндегі алауыздық тудырғандар мен жаңарушыларға — қой терісін жамылған жыртқыш қасқырларға (Мф. 7:15) батыл қарсы тұрды. Ол храмдар мен монастірлерді жауып, қиратып, қасиетті орындарды жойып, діндар халықты қудалаған құдайсыздарға қарсы күресте өз өмірін аямады.
Оның еңбегі мен ерлігі Чернигов епархиясында, Тульск жерінде, Орел мен Мәскеуде ұмытылған жоқ. Бір кездері қасиетті Иоанн Дамаскин елші Павелге дұға етіп: «Сен қай түрмеде тұтқын болмадың?» — деген еді. Бұл сөздерді біз қасиетті діндар Николайға да қатысты айта аламыз.
Ол аты жаман Бутырка түрмесінде және Воронеждегі тергеу изоляторында Христос үшін азап шекті, Мордовия, Чувашия лагерлері мен Саровтағы ауыр еңбек жағдайында әлсіреді. Әулие өзіне келген азапты ризашылықпен қабылдап, Құдайға шүкіршілік етті және тәнді өлтіргендерден қорықпады, өйткені олардың жанды өлтіруге шамасы жоқ екенін білді (Мф. 10:28). «Әлеуметтік қауіпті элемент» ретінде Николай әулие бес жыл мерзімге Қазақ КСР-іне жер аударылды. Осылайша 64 жасында оның Қазақстандағы дін үшін азап шегу және архипастырлық қызмет кезеңі басталды. Тұтқындар вагонында, ескі-құсқы киіммен, аштық пен суықтан әбден әлсіреген күйде ол Ақтөбе облысындағы шағын елді мекен — Шалқар станциясына келді. Мұнда ол бірнеше ай бойы қайыр-садақамен күн көріп, өзінің жоғары діни дәрежесін ешкімге білдірмей өмір сүрді. Қарапайым әрі кішіпейіл адам болғандықтан, ол соғыс жылдарында баршаға өмір сүру қиын екенін түсініп, діндарлардың біріне де салмақ салудан қорықты. Адамдарға деген сүйіспеншілік пен жанашырлық, сондай-ақ Құдайдың еркіне толықтай берілуі оның өміріне бағыт-бағдар болды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін көп ұзамай Жаратқан Ие өзінің адал қызметшісін қайтадан сөзбен айтылатын отарына қамқор болуға шақырды — Николай әулие жаңадан құрылған Алматы және Қазақстан епархиясының басқарушысы болып тағайындалды. Лагерьлер мен жер аударудың ауыртпалығынан қажыған әулиені енді апостолдық зор еңбек күтіп тұрды. Алдында көптеген қиындықтар болды: храмдардың аздығы әрі олардың мүшкіл жағдайы, дін қызметкерлерінің аса тапшылығы, халықтың тұрмысының төмендігі, сондай-ақ қолдау мен жұбанышқа мұқтаж сансыз қуғын-сүргінге ұшырағандар мен қоныс аударушылар. Құдайсыз қудалаулардан, соғыстан және қуғын-сүргіннен азап шеккен діндар халық өзінің архипастырынан сүйіспеншілікке толы әкені, қамқор пастырды және дана ұстазды көрді.
Православиеге деген жалынды құлшыныс, сенімдегі мызғымас беріктік, жақындарына деген ыстық сүйіспеншілік, күнә жасағандарға көрсеткен момындық пен парасатты түсіністік, барша адамнан шынайы христиандық өмірді талап ететін пастырлық табандылық — ұлы қазақстандық иерархтың бүкіл қызметі осындай қасиеттермен өрілді. Митрополит Николайдың өмірінде әулие Иоанн Златоусттың: «Жақсы пастыр-епископ әр уақытта мың шейіттен кем емес ерлік көрсетеді», — деген сөзі толық жүзеге асты. Жаратқан Ие бізге қасиетті діндар Николайдың өмірінде, уағыздарында, естеліктері мен хаттарында сақталған рухани мұрасына ортақтасуға мүмкіндік берді. Әулие бізге өсиет ретінде өзінің «Адам жанының құпиясы» атты кітабын қалдырды. Онда ол қасиетті әкелердің құмарлықтар туралы ілімін және олармен күресу жолдарын баяндаған. Кітаптың бір тарауында мынадай терең сөздер бар: «Адам өзінің шынайы өздігінен бар болатын Өмір әрі барлық игіліктің толықтығы болып табылатын Құдайымен тірі қарым-қатынасқа түскенде ғана өмір сүре алады». Өз жүрегіне осы рақымды Өмірді қабылдап, Христоспен бірлікке жеткен архипастыр адамдарға Інжіл қуанышын сыйлады және әлі де сыйлап келеді.
Митрополит Николайды еске алу күні оған дұға етіп жүгініп, сенім мен тақуалықтағы оның табандылығына шамамыз келгенше еліктеуді сұрайық. Сондай-ақ онымен бірге ұлы апостолдық сенімімізді батыл түрде жариялауға лайық болайық:
«Бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен кім айыра алады? Өлім де, өмір де, періштелер де, бастамалар да, күштер де, қазіргі заман да, болашақ та, биіктік те, тереңдік те, басқа ешбір жаратылыс та бізді Иеміз Иса Мәсіх арқылы білдірілген Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды» (Рим. 8:35, 38, 39). Митрополит Александрдың қасиетті діндар Николайды еске алуға арналған сөзінен.
Алматы митрополиті, діндар Николайдың рухына тағзым ету күні. Митрополит Александр Мәскеудегі Қазақстан Митрополиттік округі Өкілдігінің храмында Литургия өткізді
Толығырақ
Қазақстан Митрополиттік округінің Басшысы Мәскеу Патриархатының Істері басқарушысы, Воскресенск митрополиті Григориймен кездесті
Толығырақ
Ресей ФМБА Ұлттық медициналық зерттеу оториноларингология орталығының үй шіркеуінің қызметкеріне Қазақстан Митрополиттік округінің жоғары наградасы табысталды
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр