ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Рухани ағарту
26.05.2026, 16:00

Қазақстан Митрополиттік округі хорының регенті О.Н. Овчинниковтың халықаралық фестивалі – «Пасхалық ән» хорлар соборындағы сөйлеген сөзі

Қазақстан Митрополиттік округі хорының регенті О.Н. Овчинниковтың халықаралық фестивалі – «Пасхалық ән» хорлар соборындағы сөйлеген сөзі

2026 жылғы 15-17 мамыр күндері Алматыда Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің батасымен халықаралық фестивалі – хорлар «Пасхалық ән» соборы өтті.

Теориялық бөлім аясында Орыс шіркеулік ән өнерін дамыту жөніндегі Патриархтық кеңес мүшелерінің баяндамалары тыңдалды.

Сайтымыздың оқырмандары назарына Қазақстан Митрополиттік округі хорының регенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресейдің өнерге еңбек сіңірген қайраткері О.Н. Овчинниковтың сөзін ұсынамыз:

Қадірлі әкелер, бауырлар мен әпке-қарындастар!

Біз сіздермен бірге ерекше кезеңде өмір сүріп, еңбек етіп келеміз. Бүгінде шіркеу регентінің қолында стилі, дәуірі және орындау күрделілігі жағынан әртүрлі көптеген ән шығармалары бар. Интернеттің дамуы, ақпарат алмасудың жеделдеуі және тұлғааралық коммуникациялардың эволюциясы нәтижесінде кез келген адам қалаған шығармасының партитурасын таба алады. Мұның бәрі материалдың «сындарлы көлемінің» жиналуына алып келді. Бір жағынан, мұндай ерекше әртүрлілік пен таңдау кеңдігін тек құптауға болады, ал екінші жағынан — біз бірқатар мәселелердің туындағанын, дәлірек айтқанда, күрделене түскенін көріп отырмыз. Менің ойымша, олардың ең маңыздылары мыналар:

- клирос репертуарын қалыптастыратын нақты өлшемдердің болмауы;

- репертуарлық эклектика, яғни бір құлшылық барысында әртүрлі дәуірлерге, стильдерге, шіркеулік әуендерге және композиторларға тән шығармалардың қатар қолданылуы;

- регент пен әншілердің репертуарды сауатты таңдауға және оны сапалы орындауға жеткілікті дайындық деңгейі.

Енді осы мәселелерге толығырақ тоқталайық. Қазіргі кезде жанрлық және тарихи эклектикаға әуестену тәжірибесі кең таралған. Құлшылық кезінде орындау үшін регент әртүрлі авторлар жазған, әртүрлі дәуірлер мен стильдерге жататын әндерді таңдайды. Репертуарға мұндай көзқарас кей жағдайда құлшылықтың ішкі құрылымын тұтас бірлік ретінде қабылдауды бұрмалайды. Түнгі құлшылық немесе Литургия бөлімдері өзара логикалық байланысын жоғалтады, ал ғибадатханадағы құлшылық етуші адамда хор ұжымының жеке концерттік нөмірлер орындап тұрғандай әсері пайда болады. Тәжірибе көрсеткендей, шынайы шіркеулік рухтағы шығармалармен қатар, клироста эстетикалық деңгейі жоғары емес музыкалар да орындалады. Ән таңдауда эклектикаға жол беруге бола ма? Әрине, болады және объективті түрде қарасақ — бұл белгілі бір дәрежеде қалыпты. Эклектизмді сақтау құлшылыққа айқындық, көркемдік байлық пен тереңдік береді. Әуендік бірлік репертуарды тарылту немесе жұтаңдату есебінен қалыптаспауға тиіс. Литургия мен түнгі құлшылықта әртүрлі шығармалар орындалуы мүмкін, бірақ ең бастысы — мағыналық, музыкалық және тоналдық тұтастықтың сақталуы. Сонымен қатар шығарманы таңдаудағы негізгі өлшемдер оның нақты шіркеулік қызметтің литургиялық-богословиялық мәніне сәйкестігі және музыкалық-эстетикалық үйлесімділігі болуы қажет. Әндерді іріктеу регенттен литургиялық богословиеге мұқият қарауды, шіркеулік ән репертуарын терең білуді және кең музыкалық танымды талап етеді. Батысеуропалық мәдени дәстүрге негізделген музыканы орындайтын регенттің талғамы сол дәстүрмен терең әрі ұқыпты танысу арқылы қалыптасуы керек: опера өнерін, XVI–XX ғасырлардағы зайырлы хор дәстүрін түсіне білу қажет. Сонымен қатар міндетті шарт ретінде — хор репертуарына қарамастан, византиялық және орыс знамендік ән айту дәстүрін естіп, түсіне білу қабілеті болуы тиіс.

Көрнекті ойшыл әрі философ В.Н. Лосский былай деген: «Музыка, бәлкім, өнердің басқа түрлеріне қарағанда, талғамға көбірек тәуелді болғандықтан, ерекше қиындық тудырады». Хор ұжымдарының жетекшілері мен орындаушылары шынайы шіркеулік ән айтуға деген талғамды, дәстүрге деген сүйіспеншілікті, сондай-ақ біздің Шіркеудің бай музыкалық мұрасына қатысты нәзіктік пен сезімталдықты дамытуы қажет. Қасиетті Патриарх Кирилл айтқандай: «Тарихтан бізге жеткен дүниені бұзудың қажеті жоқ». Шіркеулік ән өнерінде бәрі әлдеқашан аяқталған, толық қалыптасқан бір сала бар; онда енді композитор таланты емес, регенттің шеберлігі қажет. Менің ойымша, маманның басты міндеті — осыны сезіну және түсіну. Әуендер мен шіркеулік әндердің байлығы хор ұжымдарының шығармашылығына, регенттер мен әншілердің әлеуетін ашуға үлкен еркіндік береді. Алайда оларды орынсыз қолдану құлшылықты концерттік нөмірлер жиынтығына айналдырып жіберуі немесе өз ерекшелігімен, кейде тіпті экзотикалығымен қалыптасқан дәстүрлерде тәрбиеленген жамағаттың ойы мен жүрегіне күмән ұялатуы мүмкін. Елестетіп көріңіз: қарапайым приходтық храм, Ұлы Сенбінің таңғы құлшылығы, «Благообразный Иосиф…» тропарлары орындалып жатыр. Көпшілікке үйреншікті «Болгар әуенінің» орнына мүлде басқа әуен естілсе, тіпті ол құлаққа жағымды болса да, жамағат қалай қабылдайды? Бұл «Помощник и Покровитель», «Волною морскою» ирмостарына, Қасиетті Пасха стихираларына және Триодь пен ұлы мейрамдардың көптеген мәтіндеріне де қатысты. Көпшілік прихожандардың реакциясы қандай болмақ? Бәлкім, көбіне теріс болар еді. Өйткені Орыс Православие дәстүрінің ажырамас әрі табиғи бөлігіне айналған шығармалар, распевтер мен әуендер бар. Менің ойымша, XIX ғасырда Санкт-Петербург пен Мәскеуде қалыптасқан Осмогласие дәстүрінен, оның бізге үйреншікті формаларынан бас тартуға болмайды. Зайырлы музыкада қарапайымдылық ретінде бағаланатын дәстүршілдік, керісінше, құлшылық музыкасы үшін қажетті қасиетке айналады. Тікелей ән айту репертуарына келсек, мұнда да назар аударуды қажет ететін бірнеше мәселе бар. Көптеген хор ұжымдарының бір мәселесі — репертуарды жаңартуға құлықсыздық. Апта сайын, жыл сайын бір авторлардың шығармалары ғана орындала береді. Екінші шектен шығу — жаңалыққа ұмтылу, әр жексенбіге болмаса да, міндетті түрде әр үлкен мейрамға бірнеше жаңа шығарманы (көбіне асығыс түрде) үйренуге тырысу. Тәжірибелі регент бірінші де, екінші де шектен шығушылыққа жол бермеуі керек. Репертуарды жаңартып отырған дұрыс, бірақ жаңадан шыққан шіркеулік ән жинақтарындағының бәрін жедел түрде меңгеруге ұмтылмау қажет. Ұжыммен бір «Херувим әні» немесе «Милость мира» толық әрі сапалы игерілмейінше, келесісін үйренуге кіріспеген жөн.

Регенттік қызметтегі үлкен қателіктердің бірі — хор жетекшісінің құлшылықтың негізгі, маңызды бөліктеріндегі әндерге мұқият қарап, ал өзінің жеке пікірі бойынша екінші дәрежелі болып саналатын тұстарға немқұрайлы қарауы. Мысалы, тыңғылықты дайындалып, өте жақсы орындалған «Свете тихийден» кейін кенеттен мүлде жатталмаған прокимен естіледі немесе күшейтілген дұғаұқыпсыз орындалады. Сол сәтте құлшылықтың тұтас бейнесі ғана бұзылып қоймай, бұған дейін тыңдалған рухани музыканың жағымды әсері де жоғалады. Мұнда «бір тамшы шайыр бір бөшке балды бұзады» деген қағида әрекет етеді.

Өкінішке қарай, бұл құбылыстан ең көп зардап шегетіндер — «өзгермелі» әндер, яғни Октоих, Триодь және Минея мәтіндері. Ирмостар, тропарьлар мен стихиралар гластарды жақсы білуді, мәтінді мағыналы түрде оқи білуді және дұрыс мағыналық екпін қоя алуды талап етеді. Кәсіби дайындық жеткіліксіз болған жағдайда стихиралар бірсарынды, жалған немесе механикалық айқайлауға не күбірлеуге айналып кетеді. Ал шын мәнінде дәл соларда негізгі богословиялық-литургиялық әрі тәрбиелік-мағыналық жүк қамтылған. «Өзгермелі» әндерді орындау сырттай қарапайым болып көрінгенімен, регенттен оларды хормен дәл «Херувим әні» немесе Қасиетті Бірлесу алдында орындалатын ю кон секілді мұқият дайындауды талап етеді.

Репертуар қалыптастыру мәселелерімен қатар, регенттің алдында әрдайым мынадай сұрақтар тұрады: белгілі бір ән қалай дұрыс орындалуы тиіс, хор оны осы құраммен сауатты орындай ала ма, темп, дыбыс күші, тесситура қандай болуы қажет? Менің ойымша, ең кең таралған қателік — шығарманың хор ұжымының мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне сәйкес келмеуі. Мұнда мәселе әрдайым кәсіби дайындықтың жоқтығында емес. Мысалы, хор сегіз адамнан тұрады делік, олардың музыкалық білімі мен жақсы вокалдық қабілеттері бар. Бірақ регент кенеттен П. Чайковскийдің, Д. Бортнянскийдің, А. Ведельдің немесе С. Рахманиновтың шығармаларын орындауға шешім қабылдайды, ал олардың музыкалық фактурасы жиырмадан астам адамнан тұратын үлкен хорға арналған. Нәтижесінде, тәжірибе көрсеткендей, шіркеулік ізгілікке мүлде сай келмейтін жұтаң, абыр-сабырлы әрі айқайға толы ән айту пайда болады.

Қандай да бір әнді үйренуге және репертуарға енгізуге ұсынбас бұрын, регент автордың оны қандай хорға арнап жазғанын, бастапқы редакцияда қандай орындаушылық ерекшеліктер көзделгенін нақты түсінуі қажет. Сонымен қатар өз хорының мүмкіндіктерін байыппен әрі объективті бағалап, орынсыз амбициялардан аулақ болуы керек. Белгілі бір хордың саны мен кәсіби дайындығы шығармаларды таңдауда міндетті түрде ескерілуі тиіс. Музыкалық эксперименттермен құлшылық етушілерді жағымсыз таңғалдыруғаннан гөрі қарапайым, дәстүрлі «бірлескен» туындыны сапалы, таза және үйлесімді орындаған әлдеқайда дұрыс.

Құлшылықта қолдануға рұқсат етілген шығармалардың нақты тізімін жасау мүмкін емес, өйткені олардың саны өте көп. Алайда әрбір регент өз хоры үшін кітапхана құра алады әрі құрастыруы тиіс. Ал бұл шығармаларды қалай таңдау керек? Мұнда әншілердің кәсіби деңгейін де, храмның архитектуралық ерекшеліктерін де, оның интерьерін, приход тарихын және құлшылық етушілердің көңіл күйін де ескеру қажет. Біз, регенттер, тек өз шеберлігімізді жетілдіріп қана қоймай, сонымен бірге әртүрлі стильдерге, дәуірлер мен жанрларға жататын рухани музыка шығармаларымен терең әрі ұқыпты танысу арқылы музыкалық талғамымызды да дамытып, шыңдауымыз керек. Біз зайырлы хор және опера өнерін, византиялық және орыс шіркеулік ән дәстүрін, отандық және батысеуропалық классиктерді түсіне білуіміз қажет. Қандай да бір әнді немесе композитор шығармашылығын «канондық», «шынайы рухани» деп атап, ал басқасын «шіркеулік емес» деп жариялауда өте сақ болған жөн. «Мына композиторды орындауға болады, ал ананы болмайды» дегендей мәселе қоюға болмайды. Әрбір шығарманы авторының атына қарап емес, жеке қарастыру қажет. Данышпанның есімі шығарманың мазмұнын көлеңкеде қалдырмауы тиіс. Тіпті ең танымал шіркеулік композиторлардың өзінде құлшылық тұрғысынан әлсіз шығармалар кездеседі, ал аз танымал авторлардың арасында нағыз өнер туындылары ұшырасып жатады.

Кейде мынадай жағдай болады: регент пен хор ұжымы әндерді таңдауда еркіндікке ұмтылып, үйреншікті емес рухани музыканы немесе заманауи композиторлардың шығармаларын орындағысы келеді, ал дін қызметкерлері мен прихожандар өздеріне таныс әуендер мен напевтерді естуді қалайды. Хор приходтық әрі литургиялық өмірден бөлек емес, сондықтан рухани музыкаға байланысты қақтығыстарға жол беруге болмайды. Құлшылық әндері прихожандарды, клиросты және дін қызметкерлерін біріктіруі тиіс, ал алауыздықтың көзіне айналмауы керек. Мұндай жағдайда ерекше шығармаларды құлшылықтан тыс, концерттік форматта орындау жақсы шешім болуы мүмкін. Бұл хор ұжымына өз шығармашылық ұмтылыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді әрі шіркеулік өмірге әртүрлі деңгейде араласқан адамдарды рухани музыканың сан алуандығымен таныстырады. Сөзімді қорытындылай келе, баршамызға жемісті еңбек, берекелі жетістіктер және шығармашылық шабыт тілеймін! Назарларыңызға рақмет!

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді