29 шілде 2026 жыл. Алматы. Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен Вознесенский кафедралды соборы жанындағы «Қазақстан халықтарының аңыздары» саябағында белгілі уағызшы, миссионер және православиелік блогер иерей Павел Островскиймен кездесу өтті.
Іс-шара «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының (президенті – В.М. Капсамун) қолдауымен ұйымдастырылды.
Әкей Павел Островский – Мәскеу облысының Нахабино кентіндегі Георгий храмының басшысы, бірнеше кітаптың және көптеген ағартушылық жобалардың авторы. Дін қызметкері Қазақстанға 30 шілде мен 3 тамыз аралығында Алматы облысының Қолды ауылында өтетін «Аспан. Адам. Дала» Еуразиялық православиелік жастар форумына қатысу үшін келді.
Кездесуге қатысқандар: Алматы епархиясы храмдарының дін қызметкерлері мен прихожандары, православиелік жастар клубтарының мүшелері, қалалық жексенбілік мектептердің оқытушылары мен шәкірттері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.
Әңгіме барысында иерей Павел қазіргі заманның өзекті сын-қатерлеріне қатысты мәселелерді қозғады. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуының адам өміріне ықпалына, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты, отбасы құндылықтарын және қазіргі қоғамдағы христиандық куәлікті сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Іс-шараның негізгі бөлімі ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар дін қызметкеріне рухани өмірге, отбасылық қарым-қатынастарға және балалар тәрбиесіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.
Кездесу соңында әкей Павел жиналғандарға жылы жүздесу үшін алғысын айтып, баршаға Құдайдың жәрдемі мен жарылқауын тіледі.
Іс-шараға 600-ден астам адам қатысты.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр