1 маусым 2026 жыл. Астана. Қазақстан Республикасының конфессияаралық және дінаралық диалог жөніндегі Халықаралық орталығының базасында «Тұрақты әлемдік дамуға қол жеткізудегі діни көшбасшылардың рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференциясы өтті.
Іс-шараға әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары, ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдері және мемлекеттік билік органдарының өкілдері қатысты.
Талқыланған негізгі тақырыптардың қатарында жаңа ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллекттің дінаралық өзара іс-қимыл үдерістеріне ықпалы мәселесі болды.
Конференцияда Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен Қазақстан Митрополиттік округінің істері басшысы Қаскелең епископы Геннадий баяндама жасады.
Құрметті конференция қатысушылары!
2025 жылғы қыркүйекте Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі қоғамдағы өзара сенім мен рухани қауіпсіздікті нығайту жолында түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығының жаңа кезеңін ашты. Біз әртүрлі елдердегі мемлекеттік билік органдарының конфессияаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Қазақстан дінаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту ісіне баға жетпес үлес қосып келеді. Бұл бағытта еліміздің Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың жеке еңбегі ерекше.
Сонымен қатар, бұл мәселеде діни ұйымдар басшыларының рөлі қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Терең конфессияаралық келісімнің басты шарттарының бірі – діни көшбасшылар мен беделді теологтардың ортақ ұстанымы. Діни төзімсіздікке, дін атын жамылған экстремизмге қарсы ымырасыз күрес жүргізіп, өзге дін өкілдеріне құрмет пен төзімділік рухын нығайту қажет. Бұл туралы барлық дәстүрлі Форумдарда бірнеше рет айтылып келеді.
Соңғы Дінаралық форумда алғаш рет жаңа ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуге байланысты туындаған жаңа сын-қатерлерге ерекше назар аударылды. Шынында да, бұл өте маңызды әрі өзекті мәселе. Ол терең ойлануды талап етеді.
Кейде біз бұл мәселенің маңыздылығын толық бағалай бермейміз. Көп жағдайда мынадай үстірт пікір қалыптасқан: адам жасаған кез келген жаңалық – жай ғана құрал, ал оны игілікке ме, әлде зиянға ма пайдалану адамның өзіне байланысты. Алайда өткен ғасырдың 50-жылдарының өзінде көрнекті философ Мартин Хайдеггер техниканың адамның белгілі бір мақсаттарына жетуге арналған қарапайым құрал ғана емес екенін көрегендікпен атап өткен. Оның үстіне, техниканы бейтарап құбылыс ретінде қабылдау адамның техникалық прогреске тәуелділігін күшейтеді. Осылайша біз техниканың өзіндік ықпалына түсіп қалуымыз мүмкін.
Техниканың жетілу үдерісі айналамыздағы табиғатты өзгертеді. Адам әлемге мүлде басқа көзқараспен қарай бастайды, ал бұл өз кезегінде адамның өзін де түбегейлі өзгертеді.
Бұрын техникалық жаңалықтар табиғи ортаны толықтырып тұрса, бүгінде біз табиғатты және бүкіл қоршаған әлемді өзіміз жасаған техникалық жетістіктердің қосымшасы ретінде қабылдай бастадық. Техника ойлау жүйесінің жаңа үлгісін, мүлде жаңа мәдениетті және жаңа мінез-құлық қалыптастырады. Мұндай үдерістердің барлығы діни көшбасшылардан байыпты талдау мен парасатты пайымдауды талап етеді. Бізге мынадай сұраққа жауап іздеу қажет: болып жатқан өзгерістер салауатты діни өмірге және адамның табиғи болмысына қаншалықты қауіп төндіреді? Осындай мәселелерді зерделеу барысында дәстүрлі діндердің өкілдері көптеген маңызды мәселелер бойынша ортақ ұстанымға келе алады деп ойлаймын.
Орыс Православие Шіркеуінің негізгі құжаттарының бірі – «Орыс Православие Шіркеуінің әлеуметтік тұжырымдамасының негіздерінде» маңызды қағида тұжырымдалған: жаңа технологиялар адамды өзіне бағындырмауы тиіс. Адамның еркіндігі мен қадір-қасиетіне қол сұғатын жүйелерді жасауға жол берілмейді.
Мамандар жаңа ақпараттық технологиялардың бірқатар қауіп-қатерлерін атап көрсетеді. Ең алдымен, жеке тұлғаның дербестігіне қауіп төнеді. Мінез-құлықты болжау жүйелері, әлеуметтік рейтингтер, жекелендірілген контент арқылы санаға ықпал ету сияқты тетіктер адамның еркіндігін шектеуі мүмкін. Сонымен қатар, еңбек үдерісі де адамилық сипатынан айырыла бастайды. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты алгоритмдер алмастырып, адам еңбегінің терең мағынасы көмескіленеді.
Жасанды интеллектті әскери мақсатта қолдану ерекше алаңдаушылық туғызады. Автономды жүйелер белгілі бір нысанаға соққы беру немесе адамның өмірін қию туралы шешімді өздігінен қабылдай алады.
Сондай-ақ адамдар арасындағы тікелей қарым-қатынас дағдылары әлсіреуде. Бұл әсіресе қазіргі жастардың өмірінен анық байқалады. Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл былай деп атап өткен: «Егер адамның адаммен байланысы үзілсе, қоғам құлдырайды немесе тіпті жойылып кетуі мүмкін… Бір-бірімен қарым-қатынас жасау қабілетін жоғалтқан, демек сүйе білу, кешіре білу және жанашырлық таныта білу қасиеттерінен айырылған адамдар өмір сүретін әлем қандай болмақ?»
Қазақстан Православие Шіркеуі көпконфессиялы қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған мемлекеттің күш-жігерін әрдайым қолдайды. Сонымен бірге, еліміздегі дәстүрлі діндердің жасампаз әлеуеті әлі де толық ашылған жоқ деп есептейміз және мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа серпін алуы қажет екеніне сенімдіміз.
Әртүрлі конфессиялардың діни көшбасшылары бұдан әрі де еліміздің және бүкіл әлемнің тұрақты әрі үйлесімді дамуына елеулі үлес қоса береді деп сенемін.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр