ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Обращение
10.08.2026, 14:00

Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың «Тимонов оқулары» атты V халықаралық ғылыми-теологиялық конференциясында сөйлеген құттықтау сөзі

Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың «Тимонов оқулары» атты V халықаралық ғылыми-теологиялық конференциясында сөйлеген құттықтау сөзі

2026 жылғы 10 тамызда Қостанай қаласында «Тимонов оқулары» атты V халықаралық ғылыми-теологиялық конференциясы өтуде. Форсты ұйымдастырушылар мен қатысушыларға Қазақстан Православие шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр құттықтау сөзін жолдады:

Аса қадірлі әкелер, қымбатты бауырлар мен әпке-сіңлілер!

«Тимонов оқулары» атты V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын.

2026 жылы Қостанай епархиясының бірнеше приходы отты сынақ жылдарынан (1 Пет. 4:12) – бірнеше онжылдық бойы тапталып, қирағаннан кейін қайта жаңғыруының 80 жылдығын атап өтуде. Ұлы Отан соғысы басталар қарсаңында Қазақ КСР аумағындағы православие дінінің жағдайы шын мәнінде қасіретті еді: революцияға дейінгі 150-ден астам приходтың бірде-біреуінде тұрақты түрде құдайға құлшылық ету рәсімдері өткізілмейтін. Барлық храмдар жабылды. Соңғы храм – Қостанайдағы зиратта орналасқан Космо-Дамиан шіркеуі – 1938 жылы жабылды. Биліктің дінге қарсы әрекеттері өңірде болған дін қызметкерлерін құдайға құлшылық ету рәсімдерін ашық түрде атқару мүмкіндігінен айырды, көптеген пастырь қуғын-сүргінге ұшырады. Бүкіл Орыс православие шіркеуінің өміріндегі бетбұрыс кезеңі соғыс қызған шағында, 1943 жылғы 4 қыркүйекте митрополиттер Сергий (Страгородский), Алексий (Симанский) және Николайдың (Ярушевич) Кеңес үкіметінің басшысы И.В. Сталинмен кездесуінен кейін басталды. Дәл осы оқиға мемлекет пен шіркеу арасындағы қарым-қатынастың өзгеруіне себеп болды. Соның арқасында діндар халық өте қысқа уақыт болса да, қуғын-сүргін мен ашық қысымнан тыныстауға мүмкіндік алды. 1945 жылы Алматы епархиясының қызметі қайта жанданып, оның құрамына Республика Қостанай облысының аумағындағы приходтар кірді. Епархия кафедрасын көп жылдық айдаудан босатылған, 68 жастағы әулие және дін үшін азап шеккен Николай (Могилевский), Алма-Ата және Қазақстан митрополиті басқарды. Ол өз күшінің барлығын өңірдегі шіркеу өмірін қалыпқа келтіруге жұмсады және соғыстан кейінгі ауыр кезеңдегі күрделі жағдайларда қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысты. 1945–1946 жылдары діндарларға құлшылық үйлерін ашуға рұқсат берілді. 1920–1930 жылдары жабылған храмдардың барлық ғимараттары не қираған, не қоғамдық қажеттіліктерге пайдаланылғандықтан, православие халқы құдайға құлшылық ету өмірін қайта бейімделген тұрғын үйлерде немесе шаруашылық құрылыстарында ұйымдастыруға мәжбүр болды. Билік тек бір ғана көне храм – Қостанайдағы Константино-Еленинский шіркеуін қайтарды. Ол Хрущевтің дінге қарсы науқаны кезеңінде облыстағы жалғыз жұмыс істеп тұрған храм болып қала берді. 

Өткен тарих – мұражайдағы жәдігер емес, ертеңгі күніміздің іргетасы. Тарихты зерделей отырып, біз болашақты қалыптастырамыз. Академик Д.С. Лихачёвтің сөзімен айтқанда, жады «уақыттың жойқын күшіне қарсы тұрып, уақыттың өзін еңсереді». Алайда жады тірі ұрпақтардың рухани тәжірибесімен байланыстан тыс, оқшау өмір сүре алмайды. Рухани дәстүрмен байланысын жоғалтқан жады біртіндеп көмескіленіп, сөне бастайды. Тарихи жадыны сақтау мәселесі қазіргі қоғамдағы ең өзекті әрі өткір мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені жады – жеке адамның да, отбасының да, сондай-ақ тұтас халықтың да жады – біздің бүгінгі болмысымызды қалыптастырып қана қоймай, болашақтың қандай бағытта құрылатынын да көп жағдайда айқындайды. Адамдар, әсіресе жас ұрпақ өкілдері, өз тамырларын ұмытуға немесе өткен тарих туралы бұрмаланған түсініктерді таңуға бағытталған түрлі медиалық ықпалдардың нысанына айналып отырған қазіргі жағдайда шынайы тарихи жадыны сақтау, халықтың дәстүрлерін жандандырып, оларды келер ұрпаққа жеткізу міндеті шын мәнінде аса өзекті әрі өмірлік маңызға ие болып отыр.

Қостанай өлкесі – тарихы терең әрі қызықты өңір, оның ішінде шіркеу тарихы да айрықша орын алады. Бүгінде оның бұрынғы келбеті көп жағдайда жоғалған, ал қираған ғибадатханалар мен монастырьлар туралы естелік осы тақырыппен айналысатын өлкетанушылар мен тарихшылардың шағын тобына ғана белгілі. Қоғам, өкінішке қарай, әсіресе жас ұрпақ өз қаласы мен облысының тарихын нашар біледі, тарихи даталарға бағдарлануы төмен, туған жерінде болған тарихи үдерістердің маңызын толық сезіне бермейді. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі – қалың жұртшылықтың, әсіресе жастардың сәулет ескерткіштерінде, икон жазу өнері мен бейнелеу өнері туындыларында сақталған тарихи жады мен мәдени мұраны қорғауға назарын аудару. Біз христиан дінінің әлемге тек шіркеулік мәдениетті ғана сыйлағанын емес, сонымен бірге жоғары зайырлы мәдениеттің де қайнар көзі болғанын айғақтай аламыз әрі айғақтауға тиіспіз. Бұл туралы көрнекті философ Николай Бердяев терең әрі ықшам түрде былай деген: «Мәдениет культпен байланысты, ол діни культтен дамиды, культтің саралануының, оның мазмұнының әртүрлі бағыттарға таралуының нәтижесі болып табылады. Философиялық ой, ғылыми таным, сәулет, кескіндеме, мүсін өнері, музыка, поэзия, мораль – мұның бәрі шіркеулік культтің бойында әлі толық ашылмаған және сараланбаған түрде органикалық тұтастықпен қамтылған».

2026 жылы дәстүрге айналған «Тимонов оқуларының» 10 тамызда өтуінің де мәні зор. Діндарлық пен имандылықтың тірегі, құдайсыздық пен жікшілдікке қарсы күрескер, Құдай ақиқатын батыл уағыздаушы әрі имансыздықты әшкерелеуші, мәртебелі епископ Тимон (Русанов) ХХ ғасырдағы Христос шіркеуінің архипастырлары арасында сөзсіз көрнекті орын алады. Ол өзінің архиерейлік қызметін ауыр сынақтар кезеңінде атқарды. Осыдан тура 101 жыл бұрын – 1925 жылғы 10 тамызда – оның епископтық хиротониясы өтті. Бұл оқиға оның дін үшін азап шегіп, куәлік ету қызметінің соңғы кезеңінің басталуына жол ашты. Жыл сайын «Тимонов оқулары» Қазақстан епархияларынан ғана емес, шетелдерден де қатысушыларды жинайды. Бұл – оның есімін ұлықтап, рухани-ағартушылық ерлігіне деген құрметімізді білдіре отырып, оның мұрасын сақтау ісіне қосқан үлесіміз. Біз өзіміздің ізгілік жолындағы еңбектері мен дұғалары арқылы ізгі топырақты өңдеген тақуа ата-бабаларымыздың, аскеттердің, шейіттер мен дін үшін азап шеккен жандардың еңбегімен қаланған негізде Інжілдің нұрын жеткізіп, ғибадатханалар тұрғызып, қауымдар құра аламыз. Сондықтан бүгінгі конференция сияқты іс-шаралардың маңызы зор. Мұндай басқосулар жадымыздағы православие тарихын жандандырып қана қоймай, оны көзге көрінетін еңбектер – кітаптарда, баяндамалар жинақтарында, журналдар мен альманахтарда таңбалайды. Бұл – православие дінін ұстанатын жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан шамамыз жеткен үлесіміз. Осымен өткен тарихтың қасиетті беттеріне, рухани әкелерімізге, ағартушыларымызға, тәлімгерлерімізге және рухани жолдағы аскеттерімізге деген терең құрметіміз көрініс табады.

Тимонов оқуларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына жемісті әрі табысты жұмыс тілеймін.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді